Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов оқыс оқиға кезінде екі баланы құтқарған өрт сөндірушілер Марат Әліпбаев пен Арман Махмұтқа қала әкімінің Алғыс хатын табыстады. Шаһардағы №5 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері қою түтінге оранған пәтердің ішіннен 4-5 жасар бүлдіршіндерді шұғыл түрде қауіпсіз жерге шығарып, өміріне араша түскен болатын.
Айта кетейік, 10 қазанда «101» диспетчерлік қызметіне Төлеметов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің бірінен өрт шыққаны туралы хабарлама келген. Оқиға орнына тез арада жеке құрамнан 37 адам, 7 өрт сөндіру техникасы жіберілген. Өрт сөндірушілер өрттің одан әрі таралуына жол бермей, сағат 16.20-да өртті оқшаулап, 16.24-те толығымен сөндірген.. Өрт сөндірушілердің жедел іс-әрекетінің арқасында қайғылы жағдайға жол берілмеді. Алдын ала болжам бойынша балалар отпен ойнап, өрттің шығуына себепші болған
Жалпы, Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаментіне ағымдағы жылдың 9 айында 200 мыңнан астам әр түрлі қоңыраулар түскен.
Қала аумағында 179 төтенше жағдайлар мен оқиғалар тіркеліп, 47 адам зардап шеккен. 12 адам қайтыс болған. Жалпы, 234 адам тілсіз жаудан құтқарылған. Оның 66 пайызы бала,-дейді Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары.
Төтеншеліктер өрт қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады.