Шымкентте «АРМАНДА» атты республикалық форум өтті. Шараның негізін қалаушы әрі ұйымдастырушысы – психология ғылымдарының кандидаты, медиаменеджер, қоғам қайраткері Арман Давлетяров.
Шымкент қаласында өткен форумда көпшілікке Нұрлан имам ретінде танылған Нұрлан Байжігітұлы, белгілі журналист Ләйлә Сұлтанқызы және продюсер Жан Мұқанов спикерлік етті.Ұйымдастырушылар «АРМАНДА» білім, бизнес форумы тек арман туралы ғана емес, білім, мақсат, әрекет, қозғалыс, қуат, еңбек және нәтиже туралы шара екендігін айтады.
– Әрбір адам өмірде болатын жағдайларға дайын болуы керек. Өз басымнан да қиын кезеңдер өтті. Сол кезде түйген ойларым мен өмірден алған сабағымды көпшілікке жеткізсем деген оймен форумда қозғайтын тақырыбымды «Әйелдің жаны емес, қабілеті қырық» деп алып отырмын. Байқағаным, әсіресе, әйел адамдарға осындай мотивациялық дүниелер керек екен. Мәселен, елімізде өз ісін ашқысы келетін әйелдер көп. Сол үшін бизнесті неден бастау керек, қалай бастау керек деген сұрақтар көбірек туындайтынын білдім. Сондықтан, олар үшін өзекті мәселелерге көбірек тоқталып, барынша нәтижелі етуге тырыстым. Форум Түркістан, Қызылордада да өтті. Сондықтан жоба аясында республиканың он жеті өңірін аралаймыз, әр қалада спикерлер ауысып отырады, – деді тележурналист, форум спикері Ләйлә Сұлтанқызы.
Форумда қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелер – білім беру, отбасы құндылықтарын сақтау тақырыптары қозғалып, жастардың рухани және әлеуметтік дамуы бойынша пікірталас алаңына ұласты. Форумға келген жастар мен студенттер өздерінің сұрақтарын қойып, тіпті кәсіппен айналысып жүрген жастар сол жерде бизнестегі дұрыс қадамды тәжірибе жүзінде іске асырып та көрді.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Арманда» бизнес форумының жетекшілері — медиаменеджер, қоғам қайраткері Арман Давлетяровпен, белгілі дінтанушы Нұрлан Байжігітұлымен, қоғам қайраткері, журналист Ләйлә Сұлтанқызымен, белгілі продюсер Жан Мұқановпен кездесті. Жастарды кәсіпкерлікке баулу, отбасы құндылықтарын дәріптеу, тұлғалық даму мәселелерін қамтыған іс шараның спикерлері форумның өзектілігі мен маңыздылығына тоқталып, тың тәжірибелерімен бөлісті.Форумның мақсаты – өскелең ұрпақтың қаржылық сауаттылығын арттыру, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды игеру, жаңа бизнес түрлерін меңгерудің тетіктерін жеткізіп, бренд қалыптастыруда, тұлғалық дамуда жаңа ізденістерді талқылау. Іс шара жетекшілері бизнесті өркендетуде мегаполистің мүмкіндіктеріне тоқталып, жергілікті халықтың кәсіпкерлік саласында белсенділігін ерекше атап өтті.
Қала басшысы спикерлерге алғысын жеткізіп, Шымкентті дамытуға, жергілікті тұрғындардың тұрмысын жақсартуға мүмкіндік беретін жаңа бастамаларға қолдау білдіруге дайын екенін жеткізді.