Бүгін Президент Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес Республика күні мерекесіне орай «Жаңа Қазақстан. Таза табиғат» аясында атты республикалық экологиялық сенбілік акциясы өтті. Шараға қала әкімі аппаратының қызметкерлері, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, әкімдікке қарасты барлық салалық басқармалардың, аумақтық органдардың, мемлекеттік және жеке меншік мекемелердің қызметкерлері, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері мен ерікті жастар қатысты. Жалпы 72 мыңнан астам азамат атсалысты. 50 техника жұмылдырылып, 358 текше метр қоқыс шығарылды.
Сенбілікте А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақ аумағын тазартуға басымдық берілді. Көпшілік қураған ағаштарды кесіп-бұтап, демалыс аймағын ретке келтірді. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық аудан аумақтарындағы қоқыс жинақталған орындарда жалғасты.
Сенбілікке жиылғандар өздеріне белгіленген аумақтарды қоқыстардан тазартты. Соның ішінде Қаратау ауданы әкімдігі аймағына қарасты А.Асқараов атындағы дендрологиялық саябақты тазартуға 1000 нан аса адам жұмылдырылды.
— Дендрологиялық саябақ — қаламыз үшін маңызды аумақ. Аймақты тазартуға қызметкерлерден бөлек 500-дей студенттер мен оқушылар қатысып отыр. Олар саябақ ішіндегі орындықтарды, бордюрларды сырлайды. Жүйелі түрде ұйымдастырылып келе жатқан сенбілік жақсы дағды болып қалыптасуы қажет, –дейді Қаратау ауданының әкімі Рахымберді Мүлкеманов.
Саябақтағы сенбілікке жиылғандар ағаштарды күзеп, қураған бұталарды қырқып, күзгі жапырақтарды жинады. Ерікті студенттер мен оқушылар шараға апта сайын қатысып келе жатқандығын айтады.
— Сенбілік шарасы жақсы бастама. Қаланың көркіне, тазалығына атсалысу өзіме ұнайды.Сондықтан апта сайын қалмай келіп, қатысуға тырысамын, — дейді ОҚМА- ның студенті Ақжүніс Хайтмамбетова
Жалпы, шаһарда әр сенбі сайын сенбілік ұйымдастырылып келеді. Жергілікті билік тазалық акциясы қазан-қараша айларында да жалғасатынын айтады.