Шымкентте 2010 жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан «Достық дастарханы» халықаралық палау фестивалі өтті, — деп хабарлайды Bozyq.kz.
Оған елімізден және көршілес елдерден 40-қа жуық аспаз қатысып, палау әзірлеуден шеберліктерін көрсетті. Фестивалге өзбек, орыс, татар, ұйғыр этносының өкілдері белсене қатысты. Іс-шараны Қазақстан халқы ассамблеясы және «Дустлик» қауымдастығы, Өзбек этномәдени бірлестігі бірлесе ұйымдастырды. Фестивальге аудан әкімдері, қоғам қайраткерлері, қала тұрғындары, балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысты.
– Дастархан — берекенің бастауы. Сондықтан да бүгін мерекеге орай қаншама ұлттардың басын бір дастарханда біріктіріп, достықтың, ынтымақтастықтың үлгісін көрсетіп отырмыз. Фестивальде үздік аспаздарға номинациялар, сыйлықтар беріледі. Әділ қазылар алқасы әр палаудан дәм татып, өз басағысын береді. Бірақ бұл жолы жүлделі орын белгілемейміз. Аспаздар бірінен бірі өтеді, — деді Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Тахирбек Нишанбаев.
Әлемде палаудың 100 — ден астам түрі бар. «Достық дастарханы» халықаралық палау фестивалінде Өзбекстан,Тәжікстан,Қырғызстан елдерінен,Тараз, Алматы, Түркістан қалалары мен басқа да өңірлерден келген аспаздар 40-тан астам палау түрін әзірледі.
— Бүгін мұнда балаларымды алып келдім. Өзім көпбалалы анамын. Мұндай шара әртүрлі ұлттардың достығының көрсеткіші деп білемін. Ұйымдастырушыларға үлкен рахмет айтамын. Палаудың дәмі тіл үйіреді. Елімізде молшылық болсын, бірлігіміз ажырамай, тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын, – деді сайрамдық тұрғын Шарафат Пахриддинова
Сондай-ақ, іс-шарада «Мейірім» қоғамдық қоры балалар үйінің тәрбиеленушілері мен аз қамтылған отбасыларына 100 келі палау таратылды. Игі жақсылар құттықтау сөз сөйлеп, халықтар арасындағы достық пен татулықты насихаттайтын мұндай байқаулардың ел игілігі үшін берерi мол екенін алға тартты. Б айқау шарты бойынша тағамның дәмі, аспаздың асты ерекше дайыну тәсілі, безендіруі назарға алынды. Бір емес, бірден 43 аспаздың қолынан дәм татқан қазылар алқасы жеңімпаздың есімін атады. Бірінші орынды түркістандық аспаз Шохжахон Шамсиддинов жеңіп алды.
Барлық қатысушылар диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.