ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ ҮШІН МЕМЛЕКЕТТІК ҚАМҚОРЛЫҚТЫҢ КӨМЕГІ КӨП

Өркениетті елдерде «Маған Отаным не берді деп емес, мен Отаныма не бердім деп ойла» деген тәмсіл іспеттес сөз бар. Әрине, жетістікке тез жету үшін мемлекеттік қамқорлық керек-ақ. Ал, оның қайтарымы өзіңнің еселі еңбегің болмақ.
Еліміз егемендік алғаннан кейін, болашақ — жастардың қолында екендігін ескере отырып, дені сау ұлт қалыптастыру мақсатында спорт саласына айырықша назар аудара бастады. Бұл сала жасы мен әлеуметтік мәртебесіне қарамастан қоғамның бірігуіне, ұлттық қасиетіміз бен құндылықтарымызды ұлықтап, намысымызды оятып, әлемге қазақты еркін, рухы биік халық ретінде танытуға мүмкіндік беретін алаңдардың біріне айналды.
Мен өзім 10 жасымнан бастап кәсіби футболмен айналыса бастадым. Он жеті жасымда әйелдер арасындағы Қазақстан футбол құрамасында ойнадым. Соның арқасында әлемнің түрлі елдерін аралап, чемпионаттарға қатыстым. Қазақстан чемпионатында әйелдер арасындағы футболдан үш жыл қатарынан чемпион болдық. Мұның бәрі мемлекеттің спортты ерекше қолдаудағы жетістігі. Қазір спортпен айналысамын, чемпион боламын деген жастарға мүмкіндік көп. Спорт мектептері мен үйірмелер балаларды тегін дайындайды. Әр бала үшін мемлекет тарапынан жан басына қаржыландыру бағдарламасы жолға қойылып, жасөспірімдер қаржылық қиындықсыз, өз ұмтылысы, күш жігері, қызығушылығы арқасында биік белестерге жете алады. Спорттық жарыстардың шығыны да мемлекет тарапынан өтеледі. Ал, өз-өзін көрсеткен спортшыларға тегін оқу мүмкіндігі бар.
Мемлекеттен осындай қолдау болып тұрған сәтте спорттың артта қалуы мүмкін емес.
Қазіргі таңда мен «Lady gym» әйелдер фитнес залында бапкерлікпен айналысып, әйелдердің сымбатты болуына өз үлесімді қосып жүрмін. Мұнан бөлек футболдан спорт шеберімін. Жас болсам да мұндай жетістікке жетуімнің сыры тәуелсіз еліміздің қолдауы мен спортқа деген ерекше ықыласының арқасы деп білемін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, спортшыларымыз әлемдік додаларда әлі талай рет көк туымыз желбірететініне менің сенімім мол!
Аида АРТЫҚБАЙ,
ҚР спорт шебері, фитнес тренер

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *