«ОРДАБАСЫ» ӨЗ ТАРИХЫНДА ТҰҢҒЫШ РЕТ ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

Футболдан Қазақстан премьер-лигасының 25-тур ойындары өтті. Шымкенттің «Ордабасы» командасы өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» 3:1 есебімен жеңіп, ұпай санын 58-ге жеткізді. Сөйтіп, тарихта тұңғыш рет Қазақстан чемпионы атанды!

Алғашқы минуттардан-ақ алаң иелері ойын тізгінін өз қолдарына алды. Алдымен шабуылшы Жақсылықов команда капитаны Тағыбергеннің әдемі пасын баспен қақпаға бағыттап, голға айналдыра білді. Одан кейін де шымкенттіктер шабуылды тоқтатқан жоқ. Арада көп уақыт өтпей, Шахбоз Умаров есепті еселеді.  Бүгінгі матчта ерекше өнер көрсеткен Артем Беседин есепті 3:0-ге жеткізді.

Екінші таймда қарағандылықтар бір доппен жауап қайтарды. Жауап голын сала білді. Осы есеп 3:1 күйінде сақталып қалды. Осылайша, «Ордабасы» чемпионат аяқталмай жатып, бір тур алдын, чемпион атанып үлгерді.

Қажымұқан атындағы орталық стадионды жүз пайыз толтырған шымкенттік жанкүйерлер «Ордабасы» командасын марапаттау сәтіне куә болды. Шымкенттік жанкүйерлер жылдар бойы асыға күткен ел чемпионатының алтын тәжін қабылдап алды.

Жеңіс кубогын Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов пен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков табыс етті. «Ордабасы» 2024 жылы УЕФА чемпиондар лигасында өнер көрсететін болады.  Оған дейін ел кубогының финалында 04.11. 2023 жылы Қостанайдың “Тобылымен” күш сынасады.

Жергілікті жанкүйер қауымын жылдар бойы армандап жеткен тамаша жетістігімен құттықтаймыз!

Ендігі кезекте ел кубогы!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *