АҚ ОРАМАЛ – ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗДЫҢ АЙНАСЫ

 Шымкентте 25 қазан – Республика күніне орай Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен «Ақ орамал» этнотанымды симпозиумы өтті. Ұлттық киімнің шығу тарихы мен қыз баланың бас киіміне байланысты кең көлемде салиқалы әңгімелер айтылды,-деп хабарлайды Bozyq.kz.

Маңызды басқосуда орамалдың ескі мен жаңа үлгілерін үйлестіріп, жаһандану дәуірінде өзіне тән бейнесін насихаттау үшін елімізге еңбегі сіңген этнограф-зерттеушілер арнайы шақырылған. Олардың арасында белгілі этнограф, қылқалам шебері, бірнеше этнографиялық кітаптардың авторы Ералы Оспанов, бізкестеші шебер, зерлеу үйінің негізін қалаушы Айжан Абдубайтова, этнодизайнер Тілек Сұлтан және қолөнер шебері Эльмира Шермұхаметовалар бар.

–Соңғы кезде қоғамда, әлеуметтік желіде мектеп оқушыларының орамал орауы жайында көп пікірталас туындады. Дін жолын ұстанғандар мақұлдаса, тағы бір топ оған қарсы шығып жатыр. Маман ретінде айтар болсам, заман ешқашан бір орында тұрған емес. Үнемі ауысып, адамдардың өмірілік ұстанымы мен көзқарасы өзгеріп отырады. Өзгерістер орын алмаса, жаңалықтар да болмайды. Десе де, заманына қарай жаңалықтарды да дұрыс қабылдап үйрену керек, — деді этнограф Ералы Оспанов.

Ал, этнодизайнер Тілек Сұлтан қазақ қыздарының жасына қарай киім кию үлгісі жайында айтып берді.

Қазір кейбір адамдардың діни көзқарасқа байланысты 6-7 жастағы қыздарына орамал орағаны жиі кездеседі. Негізінде ата-салтымызда кішкентай қызды мұншалық еркінен тыс күйде орандырып қоймаған. Ежелден қазақ қызын қатты еркелетіп, құрметтеген. Бар жақсысын кигізіп, бар асылды қызға лайық көрген. Әке үйінен ұзатылып кеткенше қыздың басынан үкілі тақиясы түспеген. Бүгінде қазақтың қай ұлттық киімін алып қарасаңыз да, шариғатқа қайшы келмейді, – дейді этнодизайнер.

Симпозиум барысында Т.Сұлтан әр өңірдің, әр рудың кимешек үлгісін көрсетіп, осыған қарап әйелдердің жасы, тұрмыстағы жағдайы жөнінде баяндап берді. Осылайша басқосуға жиналған ақ жаулықты аналар, студент жастар, тігіншілер, зиялы қауым өкілдері ұлттық киімді насихаттаушылардан құнды мағлұматтар алып, ұлттық киімнің біз білмеген сырына қанықты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *