ШЫМКЕНТТЕ 100-ДЕН АСТАМ ҚЫЗ-КЕЛІНШЕК КӘСІПКЕРЛІК КУРСЫНА ҚАТЫСУДА

Шымкент қаласында биыл алғаш рет «Мен – кәсіпкер» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында 100-ден астам қыз-келіншек іскерлік курсына қатысып келеді. Кәсіпкерлік курстарын өңірлік кәсіпкерлер палатасының жанындағы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ұйымдастырған. Палата өкілдері қазіргі таңда сұранысқа ие мамандықтар бойынша конкурстар жариялап, шымкенттік бірнеше кәсіпкерлік субъектісі тапсырысты ұтып алған. Олардың арасында тігіншілік, маникюр, массаж, кондитер және СММ бағыттары бар.

Мысалы, Art School тігін академиясында бүгінде 20-дан астам қыз-келіншек оқып жатыр. Арасында жеке кәсіпкерлер де, енді өз ісін бастауды ойлап жүрген тұрғындар да бар. Тігін мектебінің тәжірибелі мамандары оларға ісмерліктің қыр-сырын үйретеді. Сабақ теориялық тұрғыдан да, практикалық тұрғыдан да өтеді.

«Бұл кәсіппен айналысып жатқаныма 8 жылдан асты. Алдымен отбасылық кәсіп ретінде аштым. Өзім көп балалы анамын, бесінші перзентімді босанғанда оларға киімді тек сатып ала бермей, өзім де тігіп беруді ойландым. Ондағы мақсатым – әрі қаржы үнемдеймін әрі өз қызығушылығыммен айналысамын. Осылайша басында отбасылық тігін ательесі болып ашылып, кеңейе келе адамдарды оқыту туралы ұсыныстар түсті. Бүгінге дейін 3 мыңға жуық адамды оқыттық», – дейді Art School тігін академиясының бас директоры Нулифар Сайдуллаева.

Кәсіпкерлік курсы өтіп жатқан ұйымның тағы бірі – Oliva кулинариялық студиясы. Мұнда да 20-ға жуық қыз-келіншек қатысып, дәмді тағам пісіріп, жартылай фабрикат өнімдер әзірлеуді меңгеруде.

«Кәсіпкерлер палатасында қаламыздағы қыз-келіншектердің қажеттіліктеріне байланысты оқу курстары қолға алынған. Осы курстарда жыл соңына дейін 120 қыз-келіншекті қамту жоспарланып, ол кезеңімен іске асып жатыр. Әр курста 20-дан астам қатысушы болады. Олар – жеке кәсіпкерлер немесе өз ісін ашқысы келген азаматшалар. Шектеу жоқ, курсқа ісін жаңадан бастағандар да, тәжірибелі де кәсіпкерлер қатыса алады. Оқу – тегін. Ал мерзімі курс түрлеріне байланысты. Алдағы уақытта СММ курсы басталады», – дейді Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімнің бастығы Айдана Бейсебекова.

Айта кетейік, жанындағы Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталығы ұйымдастырған курс соңында қатысушыларға сертификат беріледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *