Құрметті шымкенттіктер!
Баршаңызды Республика күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн әрбір Қазақстан азаматы үшін өте маңызды. Өйткені бұл осы елдің әрбір азаматының өз Отаны, өз Республикасының туған күні. 2022 жылдан бастап еліміздің барлық өңірлерінде Республика күні ұлттық мереке ретінде ерекше ықыласпен аталып өтуде.
Айтулы мереке Қазақстан халқының думандатып тойлайтын, мерекелік көңіл-күй орнайтын, қастерлеп сыйлайтын ерекше күні!
Бүгінгі таңда, Үкімет тарапынан мемлекетімізде, оның үшінші мегаполис — Шымкент қаласында жыл өткен сайын білімді дамытуға, білімді жастарды қолдауға зор ықылас бөлініп отыр. Жаңадан салынған мектептер, балабақшалар, Өнер мектептері мен Оқушылар сарайы балалардың білімін жетілдіруге, өнер мен спортта жетістіктерге жетуге, көшбасшылық қабілеттерін дамытуға өз үлесін қосары сөзсіз. Аталмыш салаларда жақсы нәтижелеріміз де жоқ емес.
«Мен жастарға сенемін …» деп, Мағжан ақын жырлағандай, ел тізгінін ұстайтын, әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті, өркениет көшінен лайықты орын алар, Жаңа Қазақстанның қарқынды дамуына өзіндік үлес қосатын жастарға мол сенім артылуда! Осы орайда, Шырайлы Шымқаламыздың ынтымағы жарасқан жұртшылығына толағай табыс, ел тыныштығын, отбасылық бақыт, зор денсаулық тілеймін!
Мұстафаев Бақытжан Нұрғазыұлы, Шымкент қаласы Оқушылар сарайының директоры