Қадірлі отандастар! Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары!
Баршаңызды 25 қазан – Республика күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Әрбір халық үшін Отаннан артық қасиетті де қымбат құндылық жоқ. Қазақстан Тәуелсіздігінің бастауында тұрған егемендік декларациясы қабылданған бұл күн – әрбір азамат үшін айтулы мереке. Тап осы күні Ұлы даланың төсінде Егемен ел, Тәуелсіз Республика — Қазақстан құрылды!
Бұл – ата-бабамыз аңсаған арманның жүзеге асқан, елімізге егемендік пен еркіндік сыйлаған Ұлы күн.
Менің республикам! Бұл жүрегіміздің төрінен орын алған құдіретті сөз! Біз — үстірт пен қарт Каспийдің жағасын, Сыр мен Ертістің арасын алып жатқан кең-байтақ даланың заңды мұрагеріміз! Осындай ұлан-ғайыр республикасы бар біз — басына бақ қонған халықпыз!
Олай болса, Қазақстан Тәуелсіздігін нығайту, еліміздің тыныштығын, жеріміздің тұтастығын қорғау жолында талмай еңбек ете берейік. Мереке күнінде әрбір азаматқа зор денсаулық, әр шаңыраққа ырыс-ынтымақ пен бақ-дәулет тілеймін! Мемлекеттілігіміз — мәңгі, Тәуелсіздігіміз — баянды болсын!
Бостандық пен еркіндіктің бастауы болып табылатын осынау салтанатты күні баршаңызға зор денсаулық, мол бақыт, ырыс-несібе тілеймін. Қазақстанның тұрақты дамуы мен кемелденуі жолындағы еңбектеріңіз табысты, барлық игі бастамаларыңыз баянды болсын!
Бахадыр НАРЫМБЕТОВ, Шымкент қаласы мәслихатының, “Amanat” партиясының қалалық филиалының төрағасы