Барша қазақстандықтарды ұлттық мереке — Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Араға он жылдам астам уақыт салып, қайта оралған айтулы күннің өскелең ұрпақ үшін маңызы зор, берері мол.
Мерекенің тарихына үңілер болсақ, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы еді. Бостандық пен еркіндіктің бастауына айналған бұл күн — ата-бабамыз аңсаған арманның жүзеге асқан, елімізге еркіндікке қол жеткізген күн.
Бүгінде еліміздің тарихы алтын әріптермен таңбаланып, әдебиеті мен мәдениетін әлем мойындап жүр. Өнерпаздарымыздың әлемдік додаларда биік белестерді бағындырып, еліміздің көк байрағын желбіретіп жүргені қуантады. Мұның барлығы — елдегі бейбіт күннің, мәдениетке, таланттарға деген қолдаудың жемісі. Ал, бұл күн — тарихы терең, тұғыры биік мереке.
Еліміздің егемендік жылдарында қиын-қыстау күндерді артқа тастап, үлкен жетістікке жетуіне ықпал еткен ұлы күш – халықтың бекем бірлігі. Бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты, ортақ жетістігіміз көп болғай!
Айтулы мерекемен баршаңызды құттықтаймын! Еліміз бай-қуатты болсын! Әрбір отбасында қуаныш, шаттық, несібе-ырыс мол болсын! Барлық бастамаларымыз нәтижелі, ал болашағымыз жарқын болсын!
Уәлибек ӘБДІРАЙЫМОВ, Шымкент қалалық сатира және әзіл-сықақ театрының негізін қалаушы, Құрмет оденінің иегері