Республика күні — қазақ халқы үшін тарихи күн. Бұл мереке — тарихи мәні терең, идеологиялық жүгі жоғары айтулы күн. Сондықтан еліміздің бүгіні мен ертеңіне адал қызмет ететін, «елім» деп елеулі істердің басы-қасында жүретін әрбір азаматтың отаншыл рухын оятып, сенім мен жауапкершілік сезімін қалыптастыратыны айқын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт ұясы Ұлытау жерінде өткен құрылтайда «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Қазанның 25 күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз қажет» деп Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.
Егемендік жолында еліміз талай-талай қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткерді. Алайда, қазақ халқы сынақтардан сүрінбей, тізесі бүгілмей, еңсесін биік ұстап, аман-есен өтті. Бұл сынақтар халқымызды ширатты, шыңдады. Рухы биік, өр халық намысын ешкімге таптатпады. Осындай қиындықпен келген бұл мереке — өр халықтың ұрпағына қалдырған мұрасы! Сондықтан еліміздің әрбір азаматы егемендіктің, ынтымақтың, тыныштық пен бейбітшіліктің құнын ұмытпай, қадірлей білуі тиіс. Сөз басында әрбір азаматтың отаншыл рухын оятып, сенім мен жауапкершілік сезімін қалыптастырады дегенім содан.
Бүгінде елімізде білім-ғылым, мәдениет пен спортқа деген қолдау ерекше. Өскелең ұрпақ осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, елімізді әлемге бүгінгісінен де танымал ете түседі деген сенім мол. Еліміздің бірлігі бекем, болашағы баянды болғай!
Жүсіп АҚШОРА, Шымкент қалалық сатира және әзіл-сықақ театрының жоғарғы дәрежелі актері, ҚР мәдениет саласының үздігі