Шымкент қаласы Бозарық елдімекені бүгінде территориялық ауқымына қарай екіге бөлінеді. Яғни Бозарық шағын ауданы және саяжайы. Қаланың жаңа құрылымдық жоспарына сай қазір Бозарық шағын ауданы Абай ауданына қарасты болып белгіленген, ал Бозарық саяжайы Қаратау ауданының аумағында. Жалпы Бозарық елдімекені қаланың динамикалық даму бағытында орналасқандықтан мұнда маңызды нысандар соңғы жылдары көптеп салынуда.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Бозарық шағынауданында бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлер құрылысының қарқынымен танысты. Бүгінде 74 гектар аумақта 2 мыңнан астам пәтерлі 54 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. 18 нысан жыл соңына дейін қолданысқа беріледі. Ал ішкі орамдық 3 инженерлік инфрақұрылым нысанының құрылысы жуырда аяқталады. Қалған 6 нысан келесі жылға өтпелі.
Шағын ауданда 45 көше бар, оның 16-сы асфальтталған, 29-сы тас жол. 2024-2025 жылдары 19 көше асфальтталады деп күтілуде. Ал жарықтандыру бойынша биыл Бөріжар және Бүлдірген көшелеріне жарық қондырылуда. Сонымен қатар 2023 жылдың екінші жарты жылдығында интернетпен қамту мақсатында 2 базалық станция орнатылады.
Айта кетейік, Бозарық шағын ауданында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 54 көп қабатты тұрғын үй бой көтеруде.
Қала әкімі мердігер мекеме басшыларының жауапкершілігін күшейтіп, құрылысты сапалы, мерзімінде жүргізуді тапсырды.