Түркия – Қазақстан тәуелсіздігін бірінші болып таныған ел. Бүгінде Қазақстан мен Түркия арасында барлық деңгейдегі қарым-қатынас жыл өткен сайын жанданып келеді.
Қазақстан тәуелсіздігін алғаш мойындаған бауырлас ел Түркия Республикасының 100 жылдығына орай, Шымкенттегі 11 шағынауданда орналасқан саябаққа «Қазақстан–Түркия достығы» атауы берілді. Салтанатты жиында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков құттықтау сөз сөйледі.
– Қазақстан мен Түркия – түбі бір түркі елдері. Біз – қарым-қатынасымыздың тамырын тереңге жайған елдерміз. Өйткені мәдениетіміз, дәстүріміз, рухани құндылықтарымыз қатты ұқсас. Жақында екі ел басшылары өзара сенім мен қолдауға негізделген екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін алғаш мойындаған бауырлас ел ретінде Түркия Республикасын 100 жылдығымен құттықтай отырып, осы саябаққа «Қазақстан–Түркия достығы» атауын беру туралы шешім қабылдадық. Екі мемлекеттің ынтымағы мен достастығы артып, халықаралық аренадағы алпауыт мемлекеттерге айнала берсін, – деді қала басшысы.
Мерекелік іс-шараға зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. «Қазақстан–Түркия достығы» атауы берілген саябақта серуендеуге қолайлы жағдай жасалған. Жер көлемі – 1,6 гектар. Саябақ 2022 жылы қолданысқа берілген. Салтанатты шараға Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулы Эврен Мюдеррисоглу арнайы қатысты. Қазақ халқына жылы лебіз, ақ ниет, ыстық тілегін жеткізді.
– Түбіміз бен тегіміз бір Қазақстан халқымен саяси-экономикалық байланысымыз күшін жоймаған, тиісінше даму үстінде. Тамырымыздың тереңдігі себепті біз Қазақстан мен Түркияның қарым-қатынасын ары қарай күшейтеміз, – деді Эврен Мюдеррисоглу.
Сонымен қатар, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен «Шымсити» шағынауданында Түркия көшесі атауы берілген тақтайша орнатылды.
Айта кетейік, қос бауырлас елдер арасындағы барыс-келіс пен алыс-беріс жыл санап артып келеді. Елімізде бүгінгі таңда 4 мыңдай түрік компаниясы жұмыс істеп тұр. Ал соңғы 30 жыл ішінде түрік капиталының қатысуымен 61 ірі жоба жүзеге асқан.