Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаладағы құрылыс алаңдарын аралап, жүргізіліп жатқан жұмыс барысымен танысты,-деп хабарлайды Bozyq.kz.
Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Сайрам тұрғын алабындағы 3 кезең бойынша жүргізіліп жатқан сапалы ауыз су құбырының құрылыс барысын тексерді.
Қазіргі таңда аталған құрылыстың екі кезеңі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Екі кезеңде 99,5 шақырым ауыз су құбыры тартылуы қажет. Бүгінде жұмыстың 83 пайызы аяқталған. Құрылыс жұмыстары біткен соң, 6 860 абонент сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Жалпы, ауыз су жүйелерінің ұзындығы 100,9 шақырымды құрайды. Үшінші кезең аяқталғаннан кейін 10 965 абонент ауыз су жүйесіне қосылады. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін толық бітіру жоспарланған.
Құрылысты «Мелиоратор» ЖШС мердігер мекемесі жүргізуде. Қала басшысы жауаптыларға құрылысты сапалы аяқтап, мерзімінде атқару бойынша тапсырма жүктеді.
Қалада осы жылы сапалы ауыз сумен толық қамту мақсатында 6 нысанда су құбырларын тарту жұмыстары кезең-кезеңімен іске асуда. Нәтижесінде, 2023 жыл қорытындысында 72 мыңнан астам адам орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылып, көрсеткіш 98,5%-дан 100%-ға жетеді.
Сонымен қатар Ғабит Сыздықбеков Сайрам тұрғын алабындағы № 12 спорт мектебінің қосымша корпусымен танысты. Нысан 2 ауысымда жұмыс істейді. Әр ауысымда 147 адам оқу-жаттығумен айналыса алады.
Жобаға сәйкес ғимараттың жертөлесінде пауерлифтинг, ауыр атлетика оқу-жаттығу залдары, киім ауыстыру, жуынатын орын, бапкерлер мен төрешілер бөлмелері қарастырылған. Бірінші қабатта вестюбиль-фойе, киім бөлмесі, 18 орындық асхана, 210 орындық әмбебап спортзал, медпункт болады. Ал екінші қабатында демалыс орны, бокс, күрес, бадминтон оқу-жаттығу залдары орналасады. Қазіргі таңда нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары 72% орындалған. Құрылыс келесі жылға өтпелі.
Сондай-ақ қала басшысы аталған тұрғын алаптағы № 10 колледждегі құрылыс жұмысын бақылады. Мұнда 300 орындық оқу корпусының құрылысы жүргізілуде. Корпуста 200 орындық асхана мен АКТ залы және спортзал блогы қарастырылған. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары 95 пайыз орындалған. Құрылыс жұмыстары желтоқсан айында аяқталып, пайдалануға беріледі.
Қала әкімі жауаптыларға ғимараттар құрылысын жобаға сай жүргізіп, нысандарды өндірістік кестеге сәйкес қолданысқа беруді тапсырды.