Шымкент қаласы Еңбекші ауданына қарасты «Маятас» тұрғын алабының тұрғындары жаяу адамдар жүретін аспалы көпірдің аса қауіпті жағдайда тұрғанын айтып дабыл қаққан болатын. Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Маятас» тұрғын алабындағы жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір мәселесімен танысты.
Бұл аспалы көпірдің салынғанына 38 жыл болған. Тұрғындар тарапынан 2014 жылы жартылай жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бүгінде тозығы жетіп, қайта қалпына келтіруді қажет етеді.
Маятас тұрғын алабындағы жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпірді бақылаған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жауаптыларға заманауи үлгіде көпір салуға тапсырма берді. Құрылыс жұмыстарын келесі жылдың 1-жартыжылдығына дейін аяқтауды шегелеп тұрып жүктеді. Оған қоса, Қ.Нысанбайұлы көшесі бұрылысынан көпірге дейінгі тас жолды жөндеп беруді тапсырды.
—Көпірден өту өте қорқынышты. Шайқалып тұрады. Оған, үлкендер үйреніп алдық, асықпай өтеміз. Ал кішкене балалар үшін қауіпті. Мектепте оқитын балалар бар. Ылғи да осы, көпірден қорқып уайымдап отырамыз. Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков заманауи үлгіде көпір салынатынын айтты. Естіп қуанып отырмыз. Алғысымыз шексіз,- дейді «Маятас» тұрғын алабының тұрғыны Қанат.
Айта кетейік, Бадам өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі арқылы күніне шамамен 150-200 адам қатынайды. Аспалы көпірдің ұзындығы 120 метр, ені 1 метрді құрайды.