Шымкент –туристер мекеніне айналып келеді. Үшінші мегаполиске барған туристер саны соңғы екі жылда 3 есеге артқан. Ағымдағы жылдың 6 айында 215 мыңнан астам адам келсе, оның орташа есеппен оннан -бірі шетелдік саяхатшылар. Отандастарымыз Шымқаланы аралап, киелі орындарға зиярат етсе, сирек келетін шетелдіктер көне қаланың орны «Цитадельді» қызықтаған.
Шымкент 1 күнде 10 мыңға жуық саяхатшыны қабылдауға қауқарлы. Бүгінде қала аумағында 144 қонақүй , 25 әлеуметтік және мәдени нысан, 23 демалыс орны, 69 спорт орталығы, 10 саябақ, 7 республикалық сакралды нысан, 3 326 тамақтану орны, 150-ден астам туристік орталық орналасқан.
Көліктік қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында қаланың әуе қақпасының өткізу қабілеті жылына 1 млн. 728 мың адамды құрап, ай сайынғы әуе қатынас саны 570 рейске жеткен. 2022 жылдан бері 14 жаңа әуе рейсі ашылған.
Атап айтқанда Қостанай, Павлодар, Атырау, Ақтөбе, Ақтау, Өскемен, Семей, Жезқазған, Қарағанды бағыттарына, ал чартерлік рейстер Джидда, Медина, Дубай, Пхукет бағыттарына ашылды. Соңғы 6 айда мегаполиске 215 098 турист келген. Саяхатшылардың келу саны бойынша Шымкент Астана, Алматы қалалары мен Ақмола облысынан кейін 4 орында тұр.
Шымкент, соңғы 6 айда тек туризм саласының өзінен қомақты табыс тапқан. Туризмнен түскен түсім орташа есеппен қала бюджетінің 3,1 пайызын құрайды. Биыл 1 турист шамамен 50 мың теңге кіріс әкелген. Қысқасы, өңірдің туризм саласына қазынадан бөлінген 1 теңге, 38 теңге болып кері қайтқан.
Шымкенттің туризм саласында 30 мыңға жуық адам еңбек етіп, напақасын тауып жүр. Шаһар — туристік әлеуетін тағы да арттыра түсу үшін, әлемдегі 10 ел, 13 қаламен бауырластық қатынас орнатты. Тізімде, Түркияның 3 қаласы бар.