Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Жиында құқық бұзушылықтың алдын алу және осы бағыттағы өзекті мәселелер сөз болды. Жол-көлік оқиғаларын азайту, кәмелетке толмағандар арасында қылмыспен күрес шаралары да шет қалмады.
Статистикаға сүйенсек, Шымкентте соңғы 9 айда қылмыстық құқықбұзушылық саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 34,3%-ға азайған. Онша ауыр емес қылмыстар 38%, ауырлығы орташа қылмыстар 29,5%, ауыр қылмыстар 42,6% төмендеген.
Мегаполисте жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында кешенді жұмыстар жалғасуда. Қала аумағында 16 мың жол белгісі бар болса, биыл 3 мыңнан астамы жаңадан орнатылыпты. Келесі жылы тағы 6 мың жол белгісін орнату жоспарлануда.
Басқосуда құқық қорғау органы өкілдері де қарап қалмады. Келеңсіздік жиі болатын орындар мен уақыттарды, жасалу себептерін талдап, тиісті ұсыныстарын жеткізді. Құқықбұзушылықтар көбінесе жұма, сенбі, жексенбі күндері кешкі мезгілде тамақтану, ойын-сауық орындарында тіркелетін көрінеді. Тәулік бойы жұмыс істейтін 164 ойын-сауық орны анықталған. Осыны ескерген полиция өкілдері жергілікті деңгейде ойын-сауық мекемелерінің уақытын айқындауды ұсынды.
Қала әкімі мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерін құқықбұзушылықпен күресте күш біріктіріп, қылмыстың жолын кесуде кешенді шараларды тиімді пайдалануға шақырды.
–Құқықбұзушылықты алдын алу мақсатында тамақтану орындары мен ойын-сауық орталықтарының жұмыс уақытын шектеуді заң шеңберінде қарастырамыз. Бұл ретте Астана қаласының тәжірибесін енгізу де тиімді деп ойлаймын. Қатаң тәртіп болған жағдайда ғана заңсыздықтарды жоямыз. Азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтуда жол ережелерін ескермейтін көлік жүргізушілерімен де жұмысты күшейту қажет. Қылмысқа жол беретін барлық жағдайға тосқауыл қойып, тиісті шараларды күшейтуде бірлесе жұмыс істеуге шақырамын, – деді Ғабит Сыздықбеков.
Кеңейтілген отырыста алда атқарылатын жоспарлар жайы бектілді. Ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс жиынына қатысушылар «сағатын» туралап алып, тарқасты.