Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде Шымкент қаласында бизнес-бастамаларды іске асыру үшін халықтың әлеуметтік осал топтарына 447 грант беру көзделген. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында жастарға жеңілдікті шарттармен 261 микрокредит беру жоспарланған.
Бүгінде 452 грант және 169 микрокредит берілді. Мемлекеттік қолдау алушылар өздерінің бизнес-жобаларын табысты іске асыруда. Солардың бірі Мөлдір Берікбаева.
— Аяқ мәшиенесі, қол мәшенесі болған. Сол кезде үй шаруасын да жасап, балаға да қарап үлгеріп, ата-енемнің қас-қабығына да қарап үлгеріп, осы құрақтан тігіп бастаған едім. Кейінгі алған мәшинелерім заманауи болды. Мысалы үшін әрқайсысы әр түрлі операция орындайды. Сәйкесінше қол еңбегін жеңілдетті,-дейді Мөлдір Берікбаева.
Шымкенттік Ердібек Сейітов те мемлекеттік қолдаудың шарапатын сезініп отыр. Құрылыс саласында 15 жылдық тәжірибесі бар маман шағын шеберхана ашып, пенопластан термопанель өндіруді бастағанын айтады.
— Бұл 2/1 деп аталады аты. Сыламай дуалы түзу болса, бірден шлакаблогтың сыртынан қаптап, үйінің сырты бітіп қалады. Әрі жылулық жағынан 30 % эконом. Әрі сәнді болады. Тапсырыс берушілер көп. Алдағы уақытта осының 3Д түрлері шығып жатыр,-дейді Ердібек Сейітов.
Шымкент қаласында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 452 грант берілген. Оның ішінде:
42 – атаулы әлеуметтік көмек алушылар,
89 – мүгедектігі бар адамдар,
212 – көпбалалы отбасылар,
73 – мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған адамдар, 36 – асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақы алушылар.
Биыл Шымкентте «Бастау бизнес» бағдарламасына қатысуға 8 мыңға жуық өтініш түскен. Комиссия 452 адамның жобасын қаржыландыруға шешім қабылдаған. 1 миллион 380 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, көпбалалы отбасы мүшелеріне және ерекше күтімді қажет ететін балаларды асыраушыларға берілген.
— Үйде отырып, кәсіп дөңгелетсек деген кісілер бар. Сондықтан үйде отырып нан өнімдерін пісіретін, одан кейін тігін саласын қолға алғысы келетін кісілерге көбірек басымдық берілді. Ал ер азаматтарымыз көшетті көбейту, мал бағып сүт өнімдерімен өндіру сияқты жобаларды көп ұсынды -дейді Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова.
Айта кетейік, Республика бойынша жыл басынан бері қатысушыларға 9000 грант беру жоспарланып, 9102 грант берілген.