«ҚАЗАҚ-ТҮРІК ЖАСТАР КӨПІРІ» ЖОБАСЫ ШЫМКЕНТТЕ ЖАЛҒАСТЫ

Елімізде алғаш рет қолға алынған «Қазақ-түрік жастар көпірі» жобасы Түркістан облысынан бастау алып, Шымкентте жалғасты. Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырып отырған жоба мақсаты — жастар арасында екі елдің тарихы мен мәдениетін насихаттау.

Шымкенттіктер Түркия Республикасының делегациясы мен министрлік өкілдерін қарсы алып, тарихи-мәдени орындарға саяхат ұйымдастырды. 21 адамнан құралған делегат №2 «Оқушылар сарайында» қонақта болып, қолөнерші жастардың туындыларымен танысты.

Қосымша білім беруді дамытуға арналған Оқушылар сарайы биыл шілде айында пайдалануға берілді. Балаларды қабылдау «Mindal24.kz» электронды порталы арқылы жүзеге асырылуда.

Қазір мұнда 5 000-ға жуық бала тәлім алады. Олар 6 бағыт бойынша 65 үйірмемен қамтылған. 232 оқу кабинеті қарастырылған. Атап айтқанда: биотехнология, бағдарламалау, 3D модельдеу, практикалық физика, химия мен робототехника, гидропоника, КИП және автоматика, ағаш өңдеу, қыш өнері, фото-видео монтаждау, драма, сенсорлық, лингвистика кабинеттері мен медиа-зал жұмыс істеп тұр.

Барлық үйірме заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған. Қосымша футбол, баскетбол, волейбол алаңдары да бар. Негізгі басымдық ғылыми технологияны дамытуға беріліп отыр. Былтыр Түркия елі аталған жоба аясында қазақ жастарын қабылдаған болатын. Бүгінде түркиялық жастардың арасында қазақ тілін зерттеп, оқып жүргендер көп.

Жалпы, «Қазақ-Түрік жастар көпірінің» мақсаты Қазақстан мен Түркия  арасындағы қарым-қатынасты нығайту.

Мәртебелі меймандар Қазақстанда 4 күн бойы «Креативті индустрия», «Жастар тренді. Ұлттық айдентика», «Түркия және Қазақстан — өскелең ұрпақтың мәдени-білім беру интеграциясы» тақырыптарында өзекті мәселелерді талқылайды. Екі ел жастары өзара  тәжірбие алмасады. Түркістан, Шымкент қалаларынан кейін делегаттар Тараз қаласына барады. Онда көне шаһардың тарихымен танысып, жергілікті жастармен кездеседі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *