Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Жұлдыз» индустриалды аймағына арнайы барып, салынып жатқан бірқатар кәсіпорынның құрылысымен танысты. Жауапты сала мамандарының қатысуымен көшпелі жиын өткізіп, кәсіпкерлердің назын тыңдады.
«Жұлдыз» индустриалды аймағына жобада қаралған 12,5 шақырым ауыз су құбырының 90%-ы, табиғи газ құбырларының бүгінге дейін 7,5 шақырымы тартылған. Сондай-ақ 10 шақырым кәріз жүйесі жүргізіліп, электр қуаты желісінің құрылысы 80%-ға аяқталған.
Жол құрылысы да жобаға сәйкес атқарылуда. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 13,8 шақырым автомобиль жолының 2,1 шақырымы, ішкі орам жолдардың 10,2 шақырымы жүргізілген.
Мемлекет басшысы отандық тауарөндірушілерді қолдау арқылы импортқа тәуелділікті азайту мақсатында өңір басшыларына бірқатар тапсырма жүктеген болатын. Президент тапсырмасы аясында бүгінде мегаполисте индустриалды аймақ қатары артып келеді.
Аталған аймақтағы инженерлік инфрақұрылым және автомобиль жолдарының құрылысы 2024 жылдың желтоқсан айында аяқталады. 306 гектарды алып жатқан алаңда 30-ға жуық инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Кәсіпкерлер жер телімдерін қайтару, инфрақұрылыммен қамту бойынша бірқатар өзекті мәселені жеткізді. Қала әкімі жауаптыларға құрылыс барысындағы кедергілерді тез арада жойып, мемлекеттік қолдау шаралары аясында кәсіпкерлерге жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды.