Шикізатқа тәуелділіктен арылудың бір жолы – экономиканы әртараптандыру. Бұл дегеніміз – өңдеу өнеркәсібінде жаңа өндірістер ашу. Инвестиция тарту.
Қазір Шымкентте 5 өндірістік алаң ұмыс істеп тұр. Соның бірі «Оңтүстік» индустриалды аймағы. 76 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков сол «Оңтүстік» индустриалды аймағына арнайы ат басын бұрды. Кәсіпкерлермен кездесті, жұмысшылармен жүздесті. Көп дүниені көзбен көрді, көңілге түйді. Сонымен…
Бұл «Оңтүстік» индустриалды аймағы 2010 жылы «Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту» жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында құрылды. Жер көлемі – 337 гектар. Жалпы сомасы 101,4 млрд теңгені құрайтын 96 жобаны іске асыру жоспарланғанн. 3 064 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. 2010-2023 жылдар аралығында инвестиция көлемі 89,2 млрд теңгені құрайтын 76 жоба жолға қойылып, 2 648 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Бүгінде жалпы құны 12,2 млрд теңгені құрайтын 20 инвестициялық жобаның құрылысы қызу жүріп жатыр. Бұйырса, 416 жұмыс орны ашылады.
Қала басшысы аймақты аралау кезінде «ЕВРО Кристалл» ЖШС, «QazAlpak» ЖШС кәсіпорындарының жұмысы және «Асфальт–А» ЖШС зауыты құрылысының 2-кезеңімен танысты.
Шыны ыдыс шығаратын «ЕВРО Кристалл» зауыты инвестиция сомасы 3 800 млн теңгені құрайтын 300 жұмыс орны қамтылған. Жылына өндірістік қуаты 200 млн бірлікті құрайды. Жеңіл металдан орайтын материалдар шығаратын «QazAlpak» зауытының инвестиция көлемі – 23 400 млн теңге, 145 жұмыс орнын ашу көзделген. Жылына өндірістік қуаты 500 млн бірлікке жетеді. Бүгінде «Асфальт–А» зауытының II кезең жұмыстары аяқталуға жақын. Алдағы уақытта мұнда жаяу жүргіншілер жолына төселетін Терраццо плиткалары шығарылады.
Инфрақұрылым тартылған арнайы экономикалық аймақтар инвесторларды магнитше өзіне тартып отыр. Бұл салаға бюджеттен бөлінген 1 теңге 20 теңге болып кері қайтуда.
Қаланың 5 халықаралық дәлізде орналасуы өңірдің көлік-логистикалық хаб атануына мүмкіндік беруде. Оған еңбекқор халқы мен ерекше табиғаты да септігін тигізіп отыр. Сол себепті, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мемлекеттік қолдау негізінде кәсіпкерлерге жан-жақты көмек көрсетілетінін жеткізді.