ШЫМКЕНТТЕ АНА ӨЛІМІ ӨТКЕН ЖЫЛМЕН САЛЫСТЫРҒАНДА 48,8%-ҒА ТӨМЕНДЕГЕН

Биыл қала аумағында өлім-жітім жағдайлары 17%-ға азайған.  Қатерлі ісік 5%-ға, ал қан айналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 26%-ға төмендеген.  Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков айтты.

«Шымкентте өткен жылмен салыстырғанда өлім көрсеткіштері 17%-ға төмендеген. Оның ішінде қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 26%-ға, қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім 5%-ға, ана өлімінің көрсеткіші өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 48.8%-ға төмендегенін көрсетіп отыр»,- деді қаланың бас дәрігері.

Қалада медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында 20 емдеу орталығы аккредиттеуден өткен екен. Жыл соңына дейін медициналық ұйымдарды ұлттық аккредитациядан өткізуді 35%-ға жеткізу жоспарлануда. Сала басшысының айтуынша, емдеу мекемелеріне қатысты арыз-шағым едәуір азайған. Сондай-ақ жергілікті емханалардың орташа жүктемесі 34 мыңнан 22 мыңға төмендеген.

Тағы бір тәуір жаңалық. Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасына қарасты №6 қалалық емханада үздік практика орталығы ашылған. Үздік практиканы енгізудегі  мақсат- медициналық көмектің қол жетімділігін арттыру.  Жоба негізінде жастар денсаулығына да басымдылық берілмек.

«Орталыққа келушілердің жас ерекшеліктерін ескере отырып, оларға кешенді медициналық, психологиялық, әлеуметтік жағынан көмек көрсетіледі. Аталған орталық жастардың психикалық-әлеуметтік және медициналық проблеммаларын анонимді және уақытылы алдын алуға жағдай жасайды,- деді Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков.

Шаһарда медицина мамандарының біліктілігін арттыру белсенді іске асырылып жатыр. Бұған дейін 16 дәрігер Израиль елінде, 1762 медициналық қызметкер ҚР аумағында білімін жетілдірген. Осы жылдың соңына дейін тағы 30 маманды шетелде оқыту жоспарланып отыр.

Брифинг барысында спикер денсаулық саласындағы инвестициялық жобаларға да тоқталды. Жыл соңына дейін Ынтымақ -2 шағынауданында 1,2 млрд теңге сомасында «14 емдеу орталығы» емханасы іске қосылмақ. Дәл осындай атаумен Құрсай шағынауданында да емдеу мекемесі қызмет көрсетуді бастайды.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *