Әл-Фараби ауданының аумағы 19 880 га жерді алып жатыр. 234 857 халық тұрады. Аудан аумағында 926 көпқабатты тұрғын үй бар. Әл-Фараби ауданы Шымкент қаласының орталығында орналасқандықтан ауыз су, электр жарығы толық тартылған. Табиғи газбен қамтылуы 99,9 пайызды құрап отыр.
«Қазіргі таңда, «Сәуле» ш/а 276-орамда «Ремстрой» ЖШС мердігер мекемесі тарапынан табиғи газ магистралды желісінің құрылыс жұмыстары аяқталды. Қараша айының соңында абоненттеу жұмыстары толығымен аяқталып, аудан тұрғындарын табиғи газбен қамту көрсеткіші 100%-ға жететін болады»,- деді Рашид Мамытұлы.
Баспасөз брифингте аудан әкімі жол құрылысы саласына да жеке тоқталды. Аудандағы 390 көшенің 90,4 пайызына асфальт төселген, қалғаны тас жолдар. Биыл ұзындығы 20,9 шақырым болған 12 орталық көшеге ағымдағы жөндеу жүргізіліп, асфальт қабаты төселген. Ішкі орамнан 29 көшеге құрылыс жүргізу жоспарланып, қазір 26 көше жөндеуден өтіпті.
Биыл Шымкент қалалық әкімдігіне қарасты 5 ауданда КММ құрылды. Бұл мекеме 39 қызмет түрін жүзеге асырып келеді. Бірнішіден бюджет қаражаты үнемделеді, екіншіден ауданның теңгеріміндегі барлық мүлікті күтіп- ұстау, көпқабатты үйлердің ауласын, ішкі орам көшелердің санитарлық тазалығы және бей-берекет жиналған қоқыстарды жинау, көпқабатты тұрғын үйлерде қысқы маусымға дайындық кезінде сығымдау жұмыстарын ұйымдастыру жұмыстары бұрынғыдай сағыздай созылмайды. Жылдам әрі сапалы қызмет көрсетіледі.
–Бүгінге дейін мекеме қызметкерлері 93 көпқабатты үйдің ауласындағы орындық тақтайшаларын ауыстырып, ойын алаңшаларындағы істен шыққан элементтерді, спорт алаңшасы қоршауларын қайта қалпына келтірілді. Сондай-ақ, 12 жаяу жүргінші жолын қайта қалпына келтірді. Мекеме қызметкерлері жыл бойы осындай қызметтерді атқара береді. Мекеменің тиімді тұсы – олқылық орын алса, дер кезінде жоюға мүмкіндік береді — деді аудан әкімі.
Рашит Мыңбаев ауданың қысқы дайындығына да ерекше тоқталды. Ауданда 926 көпқабатты тұрғын үйдің 857-сі орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Қазір сығымдау жұмыстары аяқталып, барлық үйге жылу берілді. Ал, қар күреу жұмысы үшін орталық көшелерге 30 техника, 6000 текше метр құм, 1300 тонна тұз әзірленген. Ішкі орам көшелеріне 16 техника, 1351 текше метр құм, 1000 тонна тұз дайындалғанын мәлімдеді.
Біз балапанды «күзде» санаймыз!