Бүгінде Қайнарбұлақ елдімекенін газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жауаптылармен бірге 2 кезеңде атқарылып жатқан құрылыс қарқынын қадағалады.
Бірінші кезеңде елдімекенге 233,4 шақырым құбыр тартылады. Қазір газ жүйелерінің 59%-ы жүргізілген. Өндірістік кестеге сәйкес құрылыс жұмыстары 2024 жылдың соңында аяқталады. Нәтижесінде 7 мыңнан астам абонент, 2 мектеп, 2 клиника және балабақша көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі.
Екінші кезеңдегі 206,7 шақырым
газ құбыры 7 217 отбасын,
9 мектеп, 3 клиника, 5 балабақшаны қамтиды.
Аяқталу мерзімі — келесі жылдың ІII тоқсаны.
Осыған дейін жұмыс көлемінің 46%-ы орындалған.
Қала басшысы жауаптыларға халықтың қауіпсіздігі үшін құрылыс талаптарын сақтауды ескертті. Сондай-ақ жұмыстарды сапалы аяқтап, мерзімінде атқаруды тапсырды.
Айта кетейік, Абай ауданы 2024 жылы толық табиғи газбен қамтылады. Абай ауданы аумағы бойынша 27 елді мекеннің 20-сы табиғи газ жүйесімен қамтылса, қалған 7 елді мекен қатты отынды пайдалануда. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, биыл Абай ауданындағы Асар-2, Қайнарбұлақ /1-2 кезең, Бозарық 74 га, Нұршуақ елдімекендері табиғи газға қосылады. Ал, 2024 жылы Ынтымақ-2 Қайнарбұлақ саяжайы, Бозарық жаңақұрылыс аумағы, Тәуелсіздікке 20 жыл аумағы табиғи газбен қамтылатын болады. Қазір халық саны 11 мыңнан астам Асар-2 шағынауданын газдандыру жұмыстары 70% аяқталды. Ұзындығы 24,1 шақырым газ құбырының құрылысы толық аяқталғанда мыңнан астам абонент көгілдір отынға қосылады. Сонымен қатар, Ынтымақ-2 шағынауданын табиғи газбен қамту мақсатында мердігер мекеме анықталды.