Әл-Фараби аудандық Полиция департаментімен бірге «Қауіпсіз қоғам» жедел-профилактикалық рейдтік шарасы өтті. Рейд жұмыстарына қалалық прокуратура, БАҚ өкілдерімен бірге жастар қанатының белсенділері қатысты.
Жедел алдын алу іс-шарасының негізгі мақсаты — көшелер мен қоғамдық орындарда, оның ішінде халық көп жиналатын орындарда қоғамдық тәртіпті және профилактиканы күшейту. Оның ішінде вандализм, мүлікті бүлдіру, ұсақ бұзақылық фактілерін, сондай-ақ жол қауіпсіздігі желісінде бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу, тұрмыстық зорлық-зомбылық саласында, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтарға жол бермеу болып табылады.
«Біз қалайтын қоғам – тәртіп пен заңға бағынған өркениетті, қауіпсіз қоғам болуы тиіс. Бұл шараның басты ерекшелігі – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарына қоғам өкілдерінің жұмылдырылуы. Осыған орай жыл соңына дейін созылатын шара барысында өңірлік депутаттар, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің, БАҚ өкілдері мен блогерлер күн сайын полиция қызметкерлерімен бірге патрульдеу, профилактикалық жұмыстарын жүргізетін болады», – деді «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілі Абай Сырлыбаев.