Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев Бәйдібек ауданына жұмыс сапарымен барып, әлеуметтік нысандарды аралады. Содан соң жеке қабылдау өткізіп, тұрғындар өтінішін тыңдады. Аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов құрылыс нысандарымен таныстырып, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Алдымен Алғабас ауылдық округіндегі «Қапшағай» су қоймасында жүргізіліп жатқан реконструкциялау жұмыстарымен танысты. Маңызды стратегиялық нысанды жөндеу жұмыстары өткен жылы басталған. «Қапшағай» су қоймасын жөндеуге республикалық бюджеттен 1 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Жауапты мекеме – «Қазсушар». Бірақ құрылыс мерзімінен кешігуде. Жыл соңына дейін үлгеру керек. Сонда көктемге су жинауға мүмкіндік болады. Дәлірек айтсақ, жөндеуден өткен соң 34 млн. текше метр су жинауға болады. Бұл шаруаларға 3 мың гектар алқапты суаруға септігін тигізеді. Ел осыны күтіп отыр. Жауаптылармен және мердігермен кездескен Бейсен Тәжібаев маңызды құрылыстың сапалы жүргізілуі облыс әкімінің қатаң бақылауында екендігін айтты. Су қойманың құрылысы баяу жүріп жатқанын ескертіп, жұмысты мерзімінде аяқтауды тапсырды. Мұнан соң Ағыбет ауылындағы дене шынықтыру сауықтыру кешенінің құрылыс барысымен танысу үшін нысанды толық аралап көрді. Созбалаңға салмай, жобаға сәйкес қабылдап, ел игілігіне пайдалануға беру керектігін айтты.
Облыс әкімінің орынбасары Алғабас ауылындағы Майбұлақ жалпы орта мектебіне барып, білім нысанының сыртқы әрлеу жұмыстары, акт залы мен бірқатар сынып бөлмелерін жөндеуден өткізу үшін жоспарға енгізуді жауапты басқарма және бөлімге жүктеді. Жөндеу жүргізіліп жатқан «Айсана» балабақшасының жұмыстарын аралау барысында сала мамандарына сапалы және уақтылы аяқтау жөнінде тапсырма берді.
Биыл мамыр айында күрделі жөндеу шаралары басталған Шақпақ елді мекеніндегі «Алғабас дәрігерлік амбулаториясы» ғимаратын жобаға сәйкес желтоқсанда аяқтау жоспарланған. Алғабас дәрігерлік амбулаториясында 450 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізілуде. Медицина қызметкерлері жарты жылдан бері көрші ауылдардағы емханаларға бөлініп, науқастарды емдеуде. Мердігерге жұмысшыларды шұғыл көбейтіп, желтоқсанда ғимаратты толық аяқтау тапсырылды. Сапар барысында өңір басшылығы Түркістан облысының денсаулық басқармасының облыстық «Балықшы» фтизиопульмонологиялық оңалту орталығы» теңгеріміндегі ауданаралық туберкулезге қарсы диспансері ғимаратын аралап көрді. 2018 жылдан бері бос тұрған ғимаратты қажетке пайдалану мәселелері талқыланды.
Ы.Алтынсарин атындағы негізгі орта мектебінде 7 сынып бөлмесі бар. Бұл бөлмелердің сыйымдылығы сыныптағы оқушыларға қажетті мөлшерден төмен. Жауапты аудандық және облыстық басқармаға жаңа типтік жобадағы мектеп құрылысын жоспарға енгізу, жобалық-сметалық құжаттамасын дайындауға қаржы қарастыру тапсырылды.
Боралдай дәрігерлік амбулаториясы 1968 жылы салынған. Қазіргі таңда дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Ғимарат әбден тозған. Боралдай амбулаториясын «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2024 жылға жөндеуге жобалық-сметалық құжаты жасалды. Конкурс өткен соң көктемге қарай жөндеу жұмыстары басталады. Әзірленіп жатқан жобаны қайта қарап, толық зерделеп, салалық басқармаға ұсыну жөнінде шаралар жасау жүктелді. Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары Боралдай ауылдық округіне қарасты О.Тайманов және Н.Арапов атындағы жалпы орта мектебінде жүргізіліп жатқан жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын бақылады. Екі мектептегі жылу жүйелерін жөндеуді жауапсыз мердігер ұтып алған. Жұмысы уақтылы әрі дұрыс атқарылмағаны үшін сотқа берілген. Іс бақылауда.
Сапар аясында Бейсен Дәулетұлы аудан әкімдігінде тұрғындарға жеке қоғамдық қабылдау өткізіп, өтініштерін тыңдады. Қабылдауға тиісті сала мамандары қатысты. Тұрғындар тарапынан мектепке қосымша ғимарат, жаңадан емхана соғу, үй іргелік және егістік жерлер мәселелері айтылды. Білім мен денсаулыққа байланысты көтерілген талап-тілектер назарға алынды. Жерге байланысты айтылған ұсыныстар жергілікті деңгейде шешілетіні түсіндіріліп, заң аясында жауаптары ұсынылды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі