Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Созақ ауданына жұмыс сапары барысында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ-ның басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповпен кездесті. Тараптар Түркістан облысында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында алдағы уақытта әлеуметтік, білім, денсаулық сақтау, спорт нысандарының құрылысын жүргізу мәселелерін қарастыруды, уран өндіруші компаниялармен Созақ ауданының елді мекендеріне әлеуметтік қолдау және демеушілік көрсету бойынша бірлесе жұмыстар атқаруды талқылады. Сондай-ақ кездесуде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның Түркістан облысында жоспарлаған «күкірт қышқылы» зауытын салу мәселесі айтылды.
– Біздің басты байлығымыз – халқымыз. Елге қызмет етіп, халықтың жағдайын жасау, жұмыс орындарын көбейту, жайлы өмір сүруге қолайлы мүмкіндік ұсыну – парызымыз. Мемлекет пен бизнестің әлеуметтік жауапкершіліктің қалыптасуы тұрақты дамудың негізгі шарттардың бірі. Қазіргі таңда әлеуметтік жауапкершілік компанияның іскерлік беделі мен капиталдану көрсеткішін арттыратын тиімді қызмет ретінде қабылданады. Компания тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмектің көлемін арттыруды қарастыруды ұсынамын, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі – бизнестің қоғамның, әлеуметтік, экономикалық және экологиялық салалардың дамуына ерікті үлесі. 2023 жылы аталған компанияның еншілес мекемелерімен өңірдің әлеуметтік дамуына 1,8 млрд теңге төленді. Кездесуде компанияның пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын инвестиция көлемінен 2%-ын өңірдің әлеуметтік дамуына төленуін қарастыру талқыланды.
Бүгінде облыс аумағында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қарасты 12 компания жұмыс істейді. Олар уран өндірумен, барлау жұмыстарымен айналысады. Компанияға қарасты кәсіпорындарымен 2023 жылы 623,3 млрд теңгеге өнім өндірілді.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның Қазақстан аумағында уран кендерін өндіру бойынша Түркістан облысының үлесі 2023 жылы 88,4 құрады.