БИЫЛ «АДАМ ПАПИЛЛОМАСЫ» ВИРУСЫНА ҚАРСЫ ЕКПЕ САЛЫНАДЫ

2024  жылы елімізде «Адам папилломасы»  вирусына қарсы екпе салына бастайды. Себебі, папиллома вирусы жатыр мойны қатерлі ісігіне әкеледі. Дертті дендетпеу үшін оған қарсы вакцинаны жалпыұлттық иммундау күнтізбесіне енгізу көзделген, деп хабарлайды Bozyq.kz. Бұл туралы брифингте Түркістан облысының СЭБД басшысының орынбасары Бахтыораз Елемесов айтты.
«2024 жылдың қыркүйек айынан бастап еліміздегі 11 жасар қыздарға адам папилломасы вирусына қарсы екпе салынады. Жатыр мойны обыры ауруының (ЖМО) дамуына «адам папилломасы» вирусының (АПВ) инфекциясы әсер етеді. Ал вирусты жұқтырудың және оның дамуының алдын алудың жалғыз жолы – екпе салдыру. Қазақстанда осы дерт бойынша жыл сайын 1 600-ден астам жағдай тіркеліп, 500-ден астам әйел қайтыс болады. 2030 жылға қарай 15 жасқа дейінгі барлық қыздардың 90%-ы екпемен қамтылмақ. Иммундауды алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуге лицензиясы бар заңды тұлғалар жүргізеді. Айта кетерлігі, қыз балаларды вакцинациялау — ата-аналарының келісімімен ғана жүргізіледі»,- деді Бахтыораз Мизамұлы.
Айта кетейік,   «Адам папилломасы» вирусына (АПВ) қарсы екпе 15 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді. Екпе әлемнің 125 елінде, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстанда салынған.   Австралия мен АҚШ-та екпенің әсерінен әйелдер арасында «Адам папилломасы» вирусының таралуы 90%-ға төмендеген. Қысқасы, «екпе ем» дейді,-дейді  мамандары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *