Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бірқатар елдімекенді аралап, тұрғындармен кездесті. Жүрмелі жиын барысында Нұртас, Тассай, Самал-3 шағынаудандарындағы Үшқара, Мыңарал, Сазтөбе, Алтынбастау көшелерінің азаматтары жолды асфальттау және жарықтандыру мәселелерін көтерді,-деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, Мыңарал көшесі тұрғындары қоғамдық көлік қозғалысын жақсартуға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Ал Сазтөбе көшесінің халқы балалар ойын алаңшасы мен ардагерлер аялдайтын демалыс орнын салу бойынша сұраныс білдірді. Ғабит Әбдімәжитұлы азаматтардың талап-тілектері жыл соңына дейін толық жүзеге асатынын айтып, тиісті басшыларға тапсырма берді.