Республикалық экологиялық акция бес аптаға жалғасады. Қазірдің өзінде шымкенттіктер тазалық шараларына белсенді ат салысуда. Қала тұрғындары мен қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындар өздеріне тиесілі аумақтарды тазартып, абаттандыруға үлес қосып жатыр.
«Киелі мекен» аптасы аясында тарих және мәдениет ескерткіштерінің аумағына абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, «Жасыл аймақ» аптасында ағаш көшеттері отырғызылады. Ал «Өнегелі ұрпақ» аптасы ардагерлердің аулалары мен қарттар үйлерінің аумақтарын тазалаумен ерекшеленсе, «Мөлдір бұлақ» шарасы шеңберінде су айдындарының жағалауы қоқыстан тазартылады.
«Тұран» ауданының тазалықшылары көше бойын шөптен тазартып, аялдамаларды жуды. Ел аумағында қолға алынған науқанға жеке азаматтар да үн қосуда.
«Таза өлке» апталығы аясында Тұран ауданына қарасты аялдамалар, аяқжолдар жуылып, орталық көшелер тазаланып жатыр. Сондай-ақ, ішкі орам жолдарды тазартып, балалар алаңшаларын жуып, әктеу, сырлау жұмыстары да қарқын алған. Игілікті іспен «Тұран» коммуналдық мекемесі айналысуда.
Бұл бастамаға мердігер мекемелер де өз техникаларын жұмылдыруда. Екі ауысыммен еңбек ететін жұмысшылар күндіз түні еңбек етуде. Атап айтқанда күндіз гүл егіп, тал-дарақтың түбін қопсытып, шөп жұлған мамандар түнде орталық көшелерді жууда.
Айта кетейік, бүгінде мегаполисте бүлінген аялдамалар қалыпқа келтіріліп, қала көшелерін жамау жұмыстары да қарқын алған. Қоғам белсенділері мұндай сенбіліктер тек арнайы уақытта ғана емес, әр аптада үрдіске айналуы қажет дейді. Себебі шахардың келбетін сақтау- баршаға ортақ міндет.
Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы 11-ші мамырға дейін жалғасады.