Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Тасқыннан зардап шеккен қызылжарлықтарға елдің түкпір-түкпірінен халық қол ұшын созып жатыр. Шымкенттің бизнес қауымдастығы қалалық кәсіпкерлер палатасымен бірге төтенше жағдай жарияланған өңірлерге көмек қолын созды. Өңірлік палата директоры Сабира Адамбекованың жетекшілігімен үйлестіру штабы жедел ұйымдасып, тиісті жұмыстар атқарылуда,-деп хабарлайды Bozyq.kz.
Су басқан аймақтарға жан-жақтан көмек келіп жатыр. Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесіне және іскер әйелдер кеңесіне мүше кәсіпкерлер бөлген заттай көмек Палата жанындағы қоймаға жиналды. Арасында тұрғындарға бірінші қажет заттар мен бөгетке құруға тапшы күректерден бастап жеке гигиена құралдары, азық-түлік, төсек жабдықтары бар. Кәсіпкерлер, сонымен қатар, арнайы қордың шотына қаржылай да көмектерін аударды.
«Штаб құрылғалы бері жұмыс қызу жүруде. Кәсіпкерлер палатасы мен қаламыздың іскер азаматтары төтенше жағдайдан шет қалмай, қол ұштарын созуда. Алғашқы күндері жалпы сомасы 100 миллион теңгеге жуық көмек жиналды. Олар – заттай және қаржылай көмек. Жиналған жүктің алғашқы бөлігі кеше Орал қаласына жіберілді, – дейді Кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Ақниет Абдіқадірова.
Ақниет Маратқызы штаб жұмысын үйлестіріп, көрсетілген көмек тізімін жасауға жауапты. Айта кетейік, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Жалпы, су тасқынына байланысты еліміздің он аймағында, яғни Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында төтенше жағдай жарияланған болатын. Бүгінде барлық қажетті шаралар қабылданып, Үкімет қарғын судың салдарын жоюға бар күшін салуда.