ШЫМКЕНТ: ЖАМБЫ АТУДАН АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ АШЫЛУ РӘСІМІ ӨТТІ

Шымкент қаласында алғаш рет ересектер арасында жамбы атудан Азия чемпионаты өтуде,-деп хабарлайды Bozyq.kz. 2024 жылдың  14-18 сәуір аралығына жоспарланған құрлық чемпионатында 14 мемлекеттен (Индонезия, Кувейт, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Оман, Өзбекстан, Пәкістан, Ресей, Сауд Арабиясы, Сирия, Тайвань (Қытай туымен), Таиланд және Қазақстан) келген, жалпы 64 спортшы бақ сынайды.

Шымкент қаласында алғаш рет ересектер арасында жамбы атудан Азия чемпионаты өтуде. Бүгін жарыстың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шарада Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, ҚР Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыстың маңызы зор екеніне тоқталып өтті.

— Елімізде ұлттық спорттың дамуына айырықша назар аударылып келеді. Биыл Астана қаласында дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Шымкент қаласы спортшылары да ұлттық құрама сапында жауапты сайысқа қатысады. Ұлттық спортты дамытуда қаламызда кезекті рет халықаралық бәсеке ұйымдастырылып отыр. Шымкент қаласына қош келдіңіздер, — деді қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.

Спортшылар 4 стиль (жамбы, түркі, азия, мажар стильдері) бойынша жарысқа түседі. 15 сәуір мажар стилі, 16 сәуір азия стилі, 17 сәуір түркі стилі, 18 сәуір жамбы стилі бойынша сайыстар өтеді. 19 сәуірде шетелдік қонақтар Түркістан қаласына экскурсия жасайды.

Азия чемпионаты 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық аясында ұйымдастырылып отыр.

Айта кетейік, «Жамбы ату» ұлттық спорт түрінің федерациясы 2004 жылы Қазақстанда құрылған ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрамына кіреді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *