ОҢТҮСТІК ҰЛАНДЫҚТАР КӨМЕККЕ АТТАНДЫ

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 500-ден астам жауынгері еліміздің батыс өңіріндегі су басқан елді мекендерге көмек көрсетуге жіберілді.

Кеше су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың жұмыс кеңесі өтті. Күн тәртібінде су тасқынының екінші толқыны болуы мүмкін батыс өңірлердегі жағдай басты мәселе ретінде қаралды.

Премьер-министр Олжас Бектеновтың тапсырмасы бойынша Атырау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындарына көмектесу үшін Ұлттық ұланның күштері мен құралдары жіберілуде. Үкімет басшысы облыс әкімдіктеріне келетін әскери қызметшілерді барлық қажетті заттармен қамтамасыз етуді, сондай-ақ техникаға жанармай құю мәселесін шешуді тапсырды.

Орал қаласында қызмет атқарып жатқан жеке құрам мен техникаларға қосымша 6506 (Шымкент қ.) әскери бөлімінен 300 әскери қызметші мен 15 автомобиль және 5547 (Қызылорда қ.) әскери бөлімінен 200 сарбаз бен 7 техника көмекке жіберілді. Олар Орал қаласына дейін темір жол көлігімен 1500 шақырымнан астам жол жүріп өтеді. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімінен жасақталған су тасқыны зардаптарын жою жөніндегі жиынтық отрядын «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары Игорь Поповский басқарды.

Айта кетейік, жалпы алғанда, Ұлттық ұланның 2700-ден астам жауынгері мен 120 техникасы және авиа транспорттары еліміздің барлық су басқан өңірлерінде белсенді көмек көрсетіп жатыр. Олар су басқан кенттер мен қалаларда патрульдеу арқылы тұрғындардың жеке мүліктерін қорғауды қамтамасыз етуде, жағалауды нығайту жұмыстарына қатысуда, су тасқыны болған елді мекендерде су бұруды және каналдарды тазартуды жүзеге асыруда. Бұдан бөлек адамдарды, жануарларды қауіпсіз жерлерге эвакуациялау жұмыстарымен де шұғылданып жүр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *