«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА АКЦИЯНЫҢ ҮШІНШІ АПТАСЫ ҚАРҚЫНДЫ ӨТІП ЖАТЫР

Бүгін Шымкентте  Таза Қазақстан жалпы халықтық сенбіліктің үшінші аптасы қарқынды жұмыстармен жалғасын тапты.  «Жасыл аймақ» деп аталған апталық аясында жоспар бойынша көшет отырғызу жұмыстарын жүргізу керек болатын. Бірақ көшет егу маусымы аяқталғандықтан сенбілікке қатысушылар талдарды әктеп, орындықтар мен жақтауларды сырлаумен айналысты.

Таза Қазақстан акциясы аясында Қаратау ауданына қарасты Тұран-1 шағынауданында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында орналасқан  балалар ойын алаңшаларында сырлау жұмыстарын жүргізудеміз. Акцияға тұрғындар да белсене қатысуда. Жалғыз әкімдіктің көмегімен барлық жерді тазартып шығу мүмкін емес. Сондықтан тұрғындарды белсенді болуға шақырудамыз, — деді Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Азамат Парманов.

Тұран 1шағынауданында өткен тазалық акциясына жастар ресурстық орталығының жастары, Шымкент қалалық опера және балет театрының қызметкерлері, Қаратау аудандық коммуналдық мекемесі, тұрғындар, мектеп оқушылары атсалысып, жалпы 100 ге жуық адам тазалық жұмыстарын атқарды. Қаратау аудандық коммуналдық мекемесінен 20ға жуық техника жұмыс істеп, өсіп кеткен шөптерді орып, ағаш бұталарды қырқып, ретке келтірді.

«Таза Қазақстан» акциясының «Жасыл аймақ» апталығы аясында  Абай ауданында жасыл желектерді баптау, шөп ору, тал егу сынды тазалық жұмыстарымен басталды. Экологиялық іс-шараға аудан аумағындағы тұрғындар, 70 кәсіпкерлік, 60 әлеуметтік нысан қатысты.

—«Бір тал кессең, он тал ек» демекші, қаламыздың көркеюіне біз де өз үлесімізді қоссақ деген ниетпен бүгін тал егіп жатырмыз.Бұл тазалық акциясы өзіміз өмір сүретін ортаны жай ғана жинап-тазалау емес, тұрғындарды өз қаласын таза ұстауға шақыру деп білемін. Сондықтан бәріміз де белсенділік танытуымыз қажет», — деді қалалық мәдениет үйінің дәстүрлі әншісі Сәбит Мұқанов.

Тазалықшылар Шымсити, Асар, Тұрлан шағынаудандарындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын және Темірлан тас жолы, Барыс базары, әуежай аумағы мен Ақмешіт аумактарындағы шөптерді орып, тазалық жұмыстарын жүргізді.

Жұмыс барысына 15 техника жұмылдырылып, 20 тонна қоқыс шығарылды. Сондай-ақ, Шымсити шағынауданында орналасқан Конгресс хол аумағына мәдениет саласының қызметкерлері әкімдікпен бірлесе 100-ден аса көшет отырғызды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *