АУЫЛ ДАМУЫ – ЕЛ ДАМУЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Кентау қаласы, Ащысай ауылына барды. Жергілікті тұрғындармен, қоғам белсенділдерімен кездесіп, ауылды дамыту мәселесін талқылады,-деп хабарлайды Bozyq.kz.

Кентау қаласы, Ащысай ауылында 1 мектепке дейінгі мекеме, 2 мектеп, 1 Мәдениет үйі, 1 кітапхана, 2 спорт алаңшасы, 1 почта байланыс бөлімшесі бар. Облыс әкімі Мәдениет үйінде болып, жай-күйімен танысты. Жергілікті тұрғындардың ұсыныстарын тыңдады. Ауылдағы ағайын  ауылға газ тарту, жол салу, туризмді дамыту мәселелерін көтерді. Сонымен қатар Мәдениет үйін жөндеуден өткізу қажет екенін «жұқалап» жеткізді. Балалар лагерін ашу, демалыс орындарын көбейту, инфрақұрылымды жақсарту туралы ойларын алға тартты.

Дархан Сатыбалды «Ащысай» түсті металл комбинатының Ащысай руднигіне қарасты металлургиялық цехының қалдықтар қоймасы мен ауыл шетіндегі өндірістік шахтаға да барып, қазіргі жағдайымен танысты. Өндіріс орындарын ашу бағытындағы ойлар айтылып, ұсыныстар тыңдалды.

– Ащысай ауылын дамыту мәселесін жан-жақты қарастырамыз. Егер жұмыс орындары болмаса, тұрғындар көшін шектей алмаймыз. Сондықтан бірінші кезекте жұмыс орындарын, кәсіпорындар ашу мәселесін шешуге күш саламыз. Жергілікті тұрғындар, кәсіпкерлердің бастамаларын қолдаймыз. Тау-кен орындарын барлап, зерделеу жүргізу керек. Жауапты басқармалар өздеріңізде бар мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар арқылы қолдау көрсетіңіздер. Екіншіден, туризмді дамытуға инвестиция тарту жолын қарастырайық. Кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі. Кентау қаласының әкімі мен басқарма басшыларына Ащысай ауылын дамыту бойынша жоспар әзірлеуді тапсырамын. Осы аймақтан түлеп ұшқан азаматтар да туған жерді түлетуге үлес қосады деп ойлаймын, – деді Дархан Сатыбалды.

Кентау қаласы, Ащысай ауылы тұрғындарының талап-тілегін тыңдаған облыс әкімі  Ащысай ауылын дамыту бойынша жоспар әзірлеуді тапсырды. Айта кетейік,  кезінде өндірісімен танылған Ащысай ауылында қазір 2 мыңға жуық тұрғын бар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *