ЗАҢСЫЗ ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНҒАН 140-ТАН АСТАМ АЗАМАТ АНЫҚТАЛДЫ

Түркістан облысының полиция департаментінде  облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен жер қойнауын пайдалану мәселелері туралы жиын өтті.

Күн тәртібінде «жер қойнауын пайдалану» мәселелері талқыланды. Қаузалған мәселе аясында бірқатар баяндамалар жасалып, өңірде жер қойнауын пайдаланушылар, құмды-қиыршық тас, құрылысқа арналған саз топырақты заңсыз артып әкетіп жатқандарға көрілетін шара, алдын алу жайттары талқыланды. Ал карьер иелері құрылым басшыларына өздерінің көкейдегі сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды.

 

«Заңсыз жер қойнауын пайдаланушыларды анықтау мен халық арасында бұл заң бұзушылыққа қатысты қылмыстық және әкімшілік іс қозғалатыны туралы, оның салдары мен қаупі бойынша арнайы құрылған мобильді топпен әрі қарай да жұмыстар жалғасын табады. Карьер иелері тарапынан айтылған шағымдар ескерілді, осы кемшіліктерді болдырмау бойынша тиісті құрылымдар өздеріңіздің құзыреттеріңізге сай іс-әрекеттерді жоғары деңгейде атқарыңыздар! Нәтижесі менің назарымда болады», — деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Оралбайұлы.

Ал полиция полковнигі Қ.Сахов жер қойнауын пайдаланғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын тілге тиек етті.

«Полициямен табиғатқа залал келтірушілерді анықтау мақсатында рейдтік жұмыстар тәулік бойы жалғасуда. Жыл басынан бері полициямен 19 қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Заңсыз жер қойнауын пайдалану бойынша 142 тұрғын анықталып, заңсыздықтың жолы кесілді. 100-ге тарта техника (экскаватор, погрузщик, КАМАЗ т.б. ауыр жүк көліктері) анықталып, айыптұраққа қойылды. 63 әкімшілік іс қозғалып, Экология департаментімен 24 хаттама толтырылды. Полиция тарапынан заң бұзушыларды анықтау бойынша жұмыстардың жүргізілуі тоқтамайды»-деп мәлімдеді Қ.Сахов.

Айта кетейік, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтың тікелей тапсырмасымен заңсыз жер қойнауын пайдалануды анықтау бойынша жұмыстар үздіксіз атқарылуда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *