«ӨНЕГЕЛІ ҰРПАҚ» АПТАЛЫҒЫНДА СЕНБІЛІКТЕР ӨТІП ЖАТЫР

Республика бойынша өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының төртінші «Өнегелі ұрпақ» апталығында Түркістан облысының барлық аудан-қалаларында сенбіліктер өтіп жатыр. Шарада жастар мен ерікті азаматтар ардагерлер мен жалғызбасты қариялардың үй аулаларында тазалық әрі абаттандыру жұмыстарын атқаруда.

 

 

Мәселен, бүгін Қазығұрт ауданы Қақпақ ауылдық округінің ерікті жастары тыл ардагері Бисебай Ағабековтың үйіне арнайы барды. Онда белсенді жастар үй ауласындағы арық-атыздарды тазалап, ағаштардың түбін қопсытты. Сондай-ақ, аула аумағын күл-қоқыстан тазартты. Ардагер ақсақал жастарға ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

«Таза Қазақстан» экоакциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында Отырар ауданында абаттандыру, қайырымдылық шаралары жоғары деңгейде жүруде. Аудан жастары мен еріктілер, мектеп ұжымдары аудандағы қазыналы қариялардың үйлеріне барып, аулаларында тазалық жұмыстарын атқарды.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығында ордабасылық жастар жалғызбасты қариялар Ақмырза Бердіқұл мен Розагүл Досымованың шаңырағында болып, тазалық шараларын жүргізді. Атқарылған жұмыстар барысында ауладағы ағаштар шабылып, арам шөптерден тазартылды. Одан бөлек, тұрғын үй айналасы күл-қоқыстан тазарып, ретке келтірілді.

Бүгінде Ордабасы ауданында науқан аясында көгалдандыру және тазалық шаралары белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Үш апта көлемінде түрлі ағаш көшеттері отырғызылып, елді мекендер мен негізгі көшелер тазалануда. Акция басталғалы бері ауданда зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік мекеме қызметшілері, жастар, еріктілердің қатысуымен тазалық шаралары қарқынды өтіп жатыр.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *