ӨНЕГЕГЕ ТОЛЫ «ӨНЕГЕЛІ ҰРПАҚ» АПТАЛЫҒЫ ЖАЛҒАСУДА

Сауран ауданындағы спорт клубының қызметкерлері «Өнегелі ұрпақ» апталығында жалғызбасты қарт ана Оразкүл Бекішованың үйінде тазалық шараларын жүргізді. Атқарылған жұмыстар барысында қария ауласына қоршаулар орнатылып, ретке келтірілді. Сонымен қатар, әктеу және сырлау жұмыстары жүргізіліп, үй айналасы күл-қоқыстан тазартылды.

«Таза Қазақстан» экоакциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында Бәйдібек ауданында біршама жұмыстар атқарылуда. Аудан жастары өңірдегі қазыналы қариялардың үйлеріне барып, аулаларында тазалық жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің бастамасымен ерікті жастар Алмалы ауылдық округінің тұрғыны Нышан Маратов қарияның ауласын тазалап, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, жастар игі шараны өзге ауылдық округтердегі замандастарына жолдап, бірлесе еңбек етуге шақырды.

Түлкібас ауданында «Өнегелі ұрпақ» апталығы жалғасын табуда. Ерікті жастар өңірдегі қазыналы қарттармен қоса, мүмкіндігі шектеулі жандарды да назардан тыс қалдырып жатқан жоқ.

Бүгін аудандық «Жастар ресурстық» орталығының бастауымен еріктілер мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Түлкібас аудандық бастауыш ұйымы ғимаратының есік алдында гүл егу, ауланы қоқыстан тазалау жұмыстарын атқарды. Игі іс шараға 15 ерікті жас атсалысып, ауланы ажарландырды.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығында төлебилік тұрғындар аудандағы мұқтаж азаматтар мен жалғызбасты қарттардың ауласында тазалық жұмыстарын жүргізуде. Игі шара аясында тұрғын үйлер ауласындағы бау-бақшалар мен қоршаулар ретке келтіріліп, сырлануда. Одан бөлек, ағаштар бұталып, тал және гүл көшеттері отырғызылуда. Қариялар ауласын ретке келтіріп, тұрғын үйін әрлеп берген жастар мен еріктілерге ақ батасын беріп жатыр.

Бүгінде Төлеби ауданында акция аясында көгалдандыру және тазалық шаралары белсенді түрде жүргізілуде. Науқанның әрбір күніне іс-шаралар бекітіліп, үш апта көлемінде көшеттер отырғызылып, абаттандырылды. Еске сала кетейік, бүгін 3 мамыр — «Өнегелі ұрпақ» апталығының соңғы күні, алдағы 4-11 мамыр аралығы – «Мөлдір бұлақ» апталығы басталады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *