Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес өңірде егістік алқаптарын ағын сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл ретте ауыл шаруашылығына бейім Шардара ауданында да ауқымды жұмыстар қолға алынды. Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының тапсырысы негізінде «Тұран су» МКК қазіргі таңда Ақшеңгелді және Достық ауылдық округінде төрт бірдей маңызды нысан құрылыстарын жүзеге асыруда.
Аталмыш Ақшеңгелді және Достық ауылдық округінде Кеңестік кезеңде салынып, әбден тозығы жетіп тұрған ирригациялық су жүйелері толықтай жаңартылып жатыр. Жалпы ұзындығы 48,2 шақырымды құрайтын бетон арықтар толығымен жаңадан орнатылуда. Бұл Ақшеңгелді және Достық ауылдарында ағын судың өз денгейінде жетіспеушілігінен игерілмей жатқан 3616 гектар егістік жердің қайта айналымға қосылуына мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда су арналарындағы құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Қос бірдей ауылдық округі бойынша жалпы ұзындығы 28 шақырымнан асатын каналдар жаңартылып, талапқа сай лоток қалқаншалар орнатылып үлгерген. Ал тиісті жұмыстар «Тұран су» мекемесі тарапынан уақытылы әрі тиісті нормалар мен ережелелерге сәйкес атқарылып келеді.
Ең бастысы Ақшеңгелді және Достық ауылдық округіндегі ескі бетон каналдарды толық жаңалап қайта салу нәтижесінде мұндағы гидротехникалық құрылымдардың пайдалы әрекет коэфиценті артып, суармалы жерлер вегетациялық кезеңде жеткілікті мөлшерде сумен қамтамасыз етіледі.