Шымкент жүрек орталығында соңғы 4 жыл ішінде МӘМС жүйесі есебінен 13 науқасқа жасанды жүрек отасы жасалды,-деп хабарлайды Bozyq.kz.
Жүректің жасанды сол жақ қарыншасын (LVAD) импланттайтын отаның құны 77 миллион теңгені құрайды. Көмекші механикалық құрылғы қан айналымын жеткілікті көлемде қамтып, жүрек жұмысын қалыпта ұстайды.
Жоғары технологиялы медициналық көмек созылмалы жүрек жеткіліксіздігі ауруына шалдыққан азаматтардың өмірін ұзартуға немесе жүрек трансплантациясын күтуге мүмкіндік береді. Аталмыш клиникада ағзаны алмастыру отасы 2023 жылы алғаш рет жасалып, сәтті өткен болатын.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде 2023 жылы Шымкент жүрек орталығында 5 мыңнан астам күрделі ота жасалған. 138 төсек орынға есептелген клиникада 40-қа жуық білікті кардиолог, кардиохирург, аритмолог дәрігерлері жұмыс істейді. Жүрекке ашық ота жасау, стенд қою және жүректің ишемиялық ауруларын анықтауда коронаграфиялық тексеру әдісі өлім-жітім санын азайтуға септігін тигізуде.
Естерңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы Жолдауында негізгі жеті басымдыққа тоқталған еді. Соның екіншісі — денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру болатын.
Президент осы басымдықта адам өмірі бəрінен қымбат екеніне тоқталып, мемлекет тарапынан өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты нақты тапсырмаларды іске асыру қажеттігін айтты.
Денсаулық сақтау — қоғамның әлеуметтік өмірінің маңызды саласы. Бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласын жетілдіру үшін орасан зор қаржы бөлінуде, жеке меншік секторды қоса отырып қаржыландыру мен басқарудың жаңа әдістері енгізілуде, дәрігерлерді оқыту мен олардың қызығушылығын арттыру бойынша жаңа кадр саясаты қалыптасуда, осының бәрі қолданыстағы заң аясында өзара үйлесімділікпен дамуда. Бұл салада Шымкент қаласы «қамшы» салдырар емес.