Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Вьетнамның Sovico Group компаниясының Басқарма Төрағасы Нгуен Тхан Хунгпен және компания өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Bozyq.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында Түркістан қаласының әуежайын дамыту, жаңа авиакомпанияларды тарту, қосымша бағыттар ашу мәселелері талқыланды. Сондай ақ Түркістан облысында туризмді дамыту мәселелері қаралды.
Өз кезегінде Нгуен Тхань Хунг компанияның Қазақстан аумағында сауда-логистикалық орталығын ашуға ниеті барын айтты. Бұдан бөлек, SOVICO компаниялар тобына кіретін VietJet Air лоукостері Қазақстанмен арадағы әуе қатынастарының санын арттыруды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, SOVICO Group — Вьетнамдағы ең ірі әртараптандырылған конгломераттардың бірі. Компания энергетика, құрылыс, банк және қаржы, авиация салаларында түрлі жобаларды жүзеге асырады.