ШАРДАРА СУ ҚОЙМАСЫНА ҚҰЙЫЛАТЫН СУ КӨЛЕМІ ЕКІ ЕСЕГЕ АРТТЫ

Суару маусымы: сәуір-мамыр айларында  Шардара су қоймасына құйылатын су көлемі екі есеге артқан, деп хабарлайды Bozyq.kz  ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өзбекстан тарапымен қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес Шардара су қоймасының толу көрсеткіші биыл 300 млн м3-ке ұлғайтылды және 4,8 км3 деңгейінде қалды, мамыр айындағы орташа су ағыны 350 м3/с (2023 жылы 90 м3/с) құрады.

Шардара су қоймасына сәуір-мамыр айларында барлығы 1,4 км3 су құйылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есеге артық.

«Достық» каналының қазақстандық бөлігіне су беру лимиті 922 млн м3 көлемінде белгіленген. Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан биылғы шілде-тамыз айларына арналған «Бахри Точик» су қоймасының жұмыс режимі кестесіне қол қоюды пысықтап жатыр, бұл аталған екі нысанда кепілді су беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді».

Қырғызстан Республикасының (Киров, Орто-Токой) су қоймаларының гидрологиялық болжамдары мен қазіргі толу көрсеткішін ескере отырып, Қазақстан үшін Талас өзені арқылы 380 млн м3 көлемінде су беру бекітілді, бұл өткен жылғы деңгейден 44 млн м3 артық.

Биыл Шу өзенінен біздің елімізге 180 млн м3 көлем су алу көзделген, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 26 млн м3 артық.

«Қазақстандағы суармалы жердің жалпы ауданы биыл 1,5 млн га құрайды, оның негізгі бөлігі алдағы жазда ыстық әрі құрғақ ауа райы болжанып отырған оңтүстік өңірлерге тиесілі. Суару жұмыстары басталып кетті, сумен жабдықтаудың бекітілген көлемі вегетациялық кезеңнің сапалы өтуін қамтамасыз етеді деп күтіліп отыр».

Су тасқыны жағдайына байланысты еліміздің солтүстік, орталық, батыс және ішінара шығыс аймақтарында су қоймалары орта есеппен 70-тен 90%-ға дейін толтырылды. Қазақстанда барлығы 405 су қоймасы бар, олардың толық сыйымдылығының жиынтығы 14 997,9 млн м3 құрайды. Су қоймаларындағы бұл көлем ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте пайдаланылады.

«Республиканың суға қажеттіліктерін ескере отырып, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында жаңа су қоймаларын салу жоспарланған. Бүгінде Түркістан облысында «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы жүріп жатыр»,-делінген хабарламада.

Су қоймаларын салу бойынша екі жоба мемлекеттік сараптаманың қарауында. Тағы бес нысан бойынша жобалау-сметалық құжаттама дайындалып, жақын арада сараптамаға жіберілетін болады,-делінген хабарламада.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *