Сауран ауданында өртке қарсы минералды жолақ жырту жұмыстарының бірінші кезеңі жүргізілуде, деп хабарлайды Bozyq.kz.
Атап өтсек, Шорнақ, Бабайқорған, Майдантал, Жүйнек, Оранғай, Жаңа Иқан, Шаға, Қарашық ауылдық округтерінде тиісті жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, Шорнақ ауылдық округі Тастақсай өзенінің табанын тазалау, ретке келтіру жұмыстары қарқын алуда.
Айта кетейік, Түркістан облысында жалпы 12 орман шаруашылығы мекемесі орналасқан. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты мекемелердің («Ақсу-Жабағылы», «Қаратау» корықтары, «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі) иелігінде – 304,6 мың га (облыстың жалпы орман қорының 8,8%). Облыс әкімдігіне қарасты 3144,1 мың га мемлекеттік орман қоры жерлері (91,1%) «Бадам», «Отырар», «Созақ», «Шардара», «Жасыл желек», «Жасыл аймақ» және «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» коммуналдық мемлекеттік мекемелеріне бекітілген. Өңірде орналасқан орман шаруашылықтары 362 адамды құрайтын өрт-химиялық станцияларымен қамтамасыз етілген. Осы орман шаруашылықтарында жалпы 22 өрт сөндіру автокөлігі мен 50 бейімделген қосалқы техника, 48 өрт бақылайтын биік мұнара бар. Департаментпен және барлық ТЖ басқарма бөлімдерімен өрт оқиғасы кезінде хабарлау схемасы бекітілген.