ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ БАЛАЛАРДЫ МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков  Өмірлік қиын жағдайда қалған балаларды қолдау орталығына барып, тәрбиеленушілерді Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады, деп хабарлайды Bozyq.kz.

Қала әкімі  балалардың жүзіне күлкі сыйлап, арнайы сыйлықтар табыс етті. Сонымен қатар, мекеме аумағын аралап, балалардың  жағдайымен танысты.  Ал, балалар да қарап қалмады. Тәрбиешілермен бірге арнайы мерекелік бағдарлама ұйымдастырды. Ән айтып, би билеп бар өнерін ортаға салды.

Бүгінде орталық қызметкерлері балғындар үшін отбасылық жайлылық пен жылы атмосфера жасап отыр. Түрлі үйірмелер мен секциялар жас достардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді.

Шымкент қаласында  1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында  «Бақытты балғын шақ – жарқын болашақ» мерекелік іс-шарасы өтті. Оған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, Білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева арнайы келіп, балалар өнерін тамашалады. Қала тұрғындарымен суретке түсіп, бүлдіршіндерді мерекемен құттықтады.

Орталық саябақ көкжиегі  әсем ән мен күмбірлеген күйге, балалардың шат күлкісіне толды. Бүлдіршіндер мың бұрла би билеп, мерекенің шырайын келтірді.

«Баланы сұлу өнермен терең таныстыру керек. Бала неше түрлі сұлу үндерді естісін, неше түрлі түстерді көрсін, сұлу сөздер, сұлу өлеңдер жаттасын. Сонда ғана сұлулық сезімдері өркендейді» — деп, Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаев айтқандай, бүгін сұлу өнер патшалық құрды. Қаладағы өнер мектептерінің жас суретшілерінің сурет, қолөнершілер бұйымдарынан көрме ұйымдастырып, түрлі- түсті бояулар саябақ түсімен үндесті.

Мерекеге қала мектептерінен 1300-ге жуық бала қатысты. Өнерлі балалар концерті қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *