ТҮРКІСТАНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІНДЕ 500 ОҚУШЫ БІР МЕЗЕТТЕ КҮЙ ТАРТТЫ

Бүгін Түркістанда 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні аталып өтті. «Бақытты балалық шақ» мерекелік іс-шарасына облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, балалармен бірге көрме мен концерттік бағдарламаны тамашалады.

– Балаларға қамқорлық пен толыққанды тұлға болып қалыптасуына жағдай жасау – мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі және басым бағыттарының бірі. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында балаларға жағдай жасау, олардың сапалы білім алуына қолдау көрсету туралы үнемі айтып келеді. Бүгінгі бала – елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. Балаларға жағдай жасау үшін облыста денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, инфрақұрылым бағытында нақты шаралар қолға алынып, жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр, деді Дархан Сатыбалды.

Облыс әкімі халықаралық, республикалық байқаулардың, олимпиадалардың, спорттық жарыстардың жеңімпаздарын марапаттады. Сондай-ақ қаржылай сыйақы сертификатын тапсырды.

Еліміз бойынша жаңа мектептер ашу жөнінен де өңір алдыңғы қатарда. Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары біздің өңірде 63 мектептің құрылысын салу жоспарланған. Биылғы жазғы демалысты тиімді өткізу мақсатында облыстық бюджеттен 2,6 млрд теңге бөлінді. Жазғы сауықтыру лагерлерінде 35 мыңнан астам оқушы бюджет есебінен тегін, «Қазақстан халқына» қоры есебінен 3421 оқушы жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылады. Бұл маусымның тағы бір ерекшелігі алғаш рет лагерінде шатырлы және этно лагер ұйымдастырылады.

«Керуен сарай» туристік кешенінде өткен жиында тақырыптық көрме жасақталған. 500 оқушыдан құралған домбырашылар бір мезетте күй тартты. Балалардың қолданбалы өнер бағытындағы шығармашылық жұмыстарының жәрмеңкесі өтті.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *