ЖЕТІСАЙДА ҚАРБЫЗ ПІСТІ

Жетісай ауданына қарасты Атамекен ауылдық округіндегі «Павел» шаруа қожалығы өзінің иелігіндегі 9 гектар егістікке 20 жылдан бері бақша дақылдарын егіп келеді.

Биылғы жылы да қарбыздың ерекше күтімді қажет ететін «Виктория» сортын сәуір айының басында еккен. Қажетті агротехникалық шаралардың дер кезінде жасалуының нәтижесінде пісіп жетілген қарбыздан ойдағыдай өнім алынады деп жоспарланып отыр. Ағын суды үнемдеу мақсатында енгізілген тамшылатып суғару әдісі өнімнің артуына да септігін тигізіп отыр.

«Алғашқы өнімді қазір Ресейге жіберіп жатырмыз. Кейін сұранысқа қарай өзге де өңірлерге жібереміз. Жылдағыдан шығын көп болғанымен бағасы да ойдағыдай, келісін 150-170 теңге аралығында сатып жатырмыз. Тамшылатып суғару әдісін қолданатындықтан ағын судан, минералды тыңайтқыштардан қиындық көрмедік. Өнімділік те ойдағыдай» дейді шаруа қожалық төрағасы Асан Мубинов.

Жетісайлық шаруалар биылғы жылы 79,3 мың гектар суармалы жердің 40,8 мың гектарына мақта шитін сепсе, 20,1 мың гектар жерге бақша, 7,2 мың гектар жерге дәндік жүгері, 3,3 мың га жерге көкөніс пен 6,3 мың гектар жерге жоңышқа дақылын еккен.

«Аудандағы 20,1 мың гектарға егілген бақша дақылдарының 4 мың гектары қарбыз. Биылғы жылы 600 мың тоннадан астам бақша өнімдері жиналады деп жоспарланып отыр.Былтырғы жылы да бақша дақылдарынан ойдағыдай өнім алынып, облыста үздіктердің қатарынан көрінгенбіз» дейді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұртас Тұрсынбеков.

Айта кетейік, «Павел» шаруа қожалығы иелігіндегі егістік алқаптарына қарбыздан бөлек баклажан мен болгар бұрышын, қызанақ сынды бақша өнімдерін егіп, жергілікті тұтынушыларға тиімді бағада сатуда. Жылыжай жұмысын да дұрыс жолға қойған. Су үнемдеу үшін тамшылатып суару әдісі қолға алынған.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *