ДОСТЫҚ ЖЕҢДІ

Шымкент.  «Аламан»  спорт кешені.  Бұл  — қалам ұстаған  қауым. Белді — белді басылым басшылары, телеарна тілшілері,  бәрі осында.  Әне,  амандық  —  саулық   сұрасып  тұр.   Әзілдесіп,   бір — бірін  қағытып та қояды.  Онысы жарасады. Қош!   

28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні!  Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен спартакиада  жалауын көтерді.   Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне  Сәрсен Құранбек арнайы қатысты.  Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың құттықтауын жеткізді.   Жарысқа қатысушы командаларға  сәттілік тіледі.  Сөйтті де,  турнирдің  түндігін  түріп берді.

 

«28 маусым — елімізде бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің, сонымен бірге байланыс саласы мамандарының кәсіби мерекесі.  Осы мере қарсаңында елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген төртінші билік өкілдерін мерейлі мерекемен құттықтай отырып, толағай табыс пен адал еңбек тілеймін»,  деді қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.

Жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі шараға  Шымкент қаласы мен Түркістан облысынан  журналистер қатысты.  10-ға жуық команда бақ сынады. Басты мақсат – салауатты өмір салтын насихаттап, әріптестер арасындағы шығармашылық және достық қарым-қатынастарды нығайту. Бұқаралық спортты дамыту.

Журналистер кеше, яғни жарыстың алғашқы күні үстел теннисі мен волейболдан бақ сынаған болатын.  Ал, бүгін арқан тартты. Доп тепті.  Жарыс 6 сағатқа созылды. Сайыс тартысты өтті. Командалардың  атын атап, түсін түстегіміз келмейді. Біз үшін  «достық жеңді».

Оза шауып, бәйге алған   командаларды Шымкент қалалық  ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Айкерім Жұмағұлова марапаттады.  Алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табыстады.

Айта кетейік,  Қазақстанда 5189  БАҚ  тіркелген. Оның 3,2 пайызы Шымкент қаласына тиесілі. Үшінші мегаполисте 170-тен астам БАҚ бар. Оның ішінде — 4 телеарна, 1 радио, 47 ақпараттық портал, 100-ден астамы  мерзімді басылым.

Нұрлан Әлімбаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *