Биыл 8-14 қыркүйекте елордада 5-інші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Әлем көз тігіп отырған жарысқа 100-ден астам мемлекеттен 4000-ға жуық спортшы қатысады деп жоспарлануда. Жарысқа қатысушылар көшпенділерге тән ат спорты, ұлттық күрес түрлері, садақ ату, жамбы ату, дәстүрлі интеллектуалды ойындар, саятшылық өнер, арқан тарту сияқты 20 ойын түрінен бәсекелеседі. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты елордадағы «Астана-Арена» стадионында өтеді.
Шымкент қаласы бойынша 5 дүниежүзілік көшпенділер ойындарына «Толағай» алыптар сайысы бойынша іріктеу кезеңі өтті. Аталған шараны Шымкент қаласы әкімдігінің және қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.
Республикалық сайысқа қаламыздан барлығы 10-нан аса спортшы қатысып, бақ сынады. Олардың ішінде әр түрлі спорт түрінен спорт шеберлері сондай-ақ, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, бұқаралық спортты дамыту бойынша Шымкент қаласында көптеген спорттық іс-шара өткізілуде. Соның бірі алғаш рет ұйымдастырылып отырған Толағай алыптар сайысы. Сайыс бірнеше кезеңнен тұрады. Атап айтқанда, 1 минут ішінде қашықтыққа салмағы 100 келі табиғи тасты көтеріп жүру, 100 келі қапты көтеру, салмағы 200 келі арбаны сүйреу, найзаны қашықтыққа лақтыру бойынша сынға түсті.
Жарыстың басты мақсаты — 5 дүниежүзілік көшпенділер ойындарына іріктеу өткізіп, еліміздің көк туын желбіретер Толағай батырды анықтау.
Сайыс қорытындысы бойынша 1-орынға Бағдат Маматқұл ие болды. 2-орынды Бағлан Мырзатаев қанжығалады. Нимаджан Халметов пен Сәулет Абдусаликов үздік үштікті түйіндеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы медальдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталады.