ШЫМКЕНТ: ӘСКЕРИ МІНДЕТІН АЯҚТАҒАН САРБАЗДАРҒА ЖОҒАРЫ БІЛІМ ГРАННТТАРЫ ТАБЫСТАЛДЫ

Ұлттық ұланның Шымкент қаласындағы №6698 әскери бөлімінде мерзімдік қызметін аяқтаған жауынгерлерді құрметтеуге арналған салтанатты шара өтті.

Шараға ықпалдастық органдары, «Аманат» партиясы, Шымкент қалалық «Жастар ресурстық орталығының» өкілдері және әскери бөлімнің ардагерлері қатысты. Сарбаздар бір жыл уақыт ішінде қалалық Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты түзеу мекемелерін күзету бойынша жауынгерлік қызмет атқарды. Өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарған 150-ге жуық сарбаз әскери бөлімнің жеке құрамы алдында грамоталармен, алғыс хаттармен марапатталды.

 

Сонымен қатар, үлгілі әскери тәртібімен көзге түскен, жауынгерлік қызметте үздік болған 21 сарбазға еліміздің үздік жоғары оқу орындарына  тегін білім гранттарының сертификаттары табысталды. Айта кетейік, бұл жоба азаматтарды әскери қызметке ынталандыру және әскеріміздің беделін арттыру мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатыр.

«Мен әскери борышымды өтеуге  Талдықорған қаласынан шақырылған болатынмын. Бір жылдық әскери қызмет мен үшін ең қызықты, ең сәтті күндермен есте қалды. Көптеген достар таптым. Ата-анамыздың, жақындарымыздың сенімін ақтауға тырыстық.  Бізді әскери қызметке баулып, ел қорғаудың басты міндеттерін жетістікпен орындауға үйреткен командирлеріме үлкен алғыс айтамын. Ең басты жетістігім, қуанышым – еліміздің үздік оқу орындарының біріне оқуға грант сертификатын иелендім. Алдағы уақыттағы алғашқы мақсатым — жоғары білім алып, мықты дәрігер болу. Мен Ұлттық ұланда қызмет еткенімді мақтан етемін. Рахмет саған, Ұлттық ұлан!», — дейді №2 атқыштар ротасының қатардағы жауынгері Малғаждаров Бақытжан.

Бөлім командирінің міндетін уақытша атқарушы подполковник Нұрлан Сакибеков сарбаздарға алғысын айтып, қызметтің сәтті аяқталғанымен құттықтады.  Шара соңында асқақ міндетті абыроймен атқарған жауынгерлер алдында әскери бөлім жеке құрамы салтанатты шерумен өтті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *